Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Бұл-маған қарсы жасалған қастандық»: жетім қызға қорлық көрсеткен әйелдің уәжі қандай?

08.01.2024ж. 20:00
449
«Бұл-маған қарсы жасалған қастандық»: жетім қызға қорлық көрсеткен әйелдің уәжі қандай?

Алматы облысында 9 жасар қызды патронаттық тәрбиешісі ұрып-соқты деген сұмдық ақпарат тарады. 41 жастағы әйел қаршадай қыздың үстінен тақпақ жаттамағаны үшін ыстық су құйып, қорлық көрсетіпті. Алайда жеткіншекті өз тәрбиесіне алған ауыл тұрғынының өз уәжі бар. Сөзінше, осылайша оған ауылдағы күндестері қастандық жасағысы келген. Оқиғаның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтап жатыр.

Елдің есін екеу, түсін төртеу қылған бұл оқиға Ташкенсаз ауылында болған. Әлеуметтік желіге белгісіз біреулер қыздың өз тәрбиешісіне шағымданып отырған бейнежазбасын жүктепті. Онда үйінен кетіп қалған жеткіншек ағынан жарылып көрген қорлығын жіпке тізгендей айтып берді.

Мектепте география пәнінен сабақ беретін 41 жастағы Аидам Ниязова 9 жасар Раминаны өткен жылдың шілде айында өз тәрбиесіне алыпты. Жетімге қамқор болып, бала сүйгісі келген әйел ақыр соңы басы дауға қалатынын күтпеген болса керек. «Жеткіншекке қол көтермедім, арамызда жанжал да болмаған» дейді. «Қыз асыра сілтеп, барлығын ойдан шығарды» деп кесті. Оның үстіне баланың психикалық дамуы тежелген екен. Ал әлеуметтік желіге тараған суреттердегі жарақаттар қына деп ақталды.

Аидам НИЯЗОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қорғаншылық және қамқоршылық қызметін жүзеге асыратын органдар осы уақытқа дейін үйімізге тексеріспен келмеген. Мен бұл қыздың психикасында ауытқуы барын кеш білдім. Балам өте пысық, ақылды, жан-жақты. Бірақ уақыт өте келе өзімен-өзі түрлі ақылға қонымсыз оқиғаларды ойдан шығарып, өтірік айта бастады. Көзіне түрлі нәрсе елестейтін. Психологпен де жұмыс істедік. Мен бұл іске ауылдағы, мектептегі күндестерімнің қатысы бар деп ойлаймын. Бұған дейін де олармен жұмыс барысында жанжалдасқан болатынмын.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Раминаның үлгілі, тәртіпті оқушы екенін жеткізді. Тіпті, бұған дейін оның денсаулығында ақауы бар екенін білмепті.

Зина ӘБДІҚАДИЕВА, Х. АБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болды. Елдермен тез тіл табысып, сабағын 4-ке оқиды толық. Психикасында ақаулық бар деп ондай диагноздары болға жоқ документтерін алып келгенде, каникулдан келген соң врачтардың заключенисін алып келді үйен оқытылсын деген.

Қазір аудандық білім бөлімінің өкілдері мектепте зерделеу жұмыстарын бастап кетті. Мамандар білім ордасының ұжымынан анонимді сауалнама алған. Нәтижесінде олар патронаттық тәрбиеші, яғни, мектеп мұғалімімен конфликтер жиі туындағанын атап көрсетіпті.

Зарина БӨЛЕКБАЕВА, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Зерделеу барысында сынып жетекшісінен, мектеп психологынан, мектеп директорының міндетін атқарушысынан түсінікемелер алынды. 5 қаңтар күні осы жағдай бола қалғанда жергілікі әкімшіліктен бізге хабар келді. Алғашқы медициналық осмотрдан өткіздік. Сол кезде врачпен өзім сөйлестім. Гематомалар балада болды. 4-5 күн бұрын болған жарақаттар деп ол кісілер заключение жасап берді.

Қылмыстық іс қозғалғанымен, Аидам Ниязова әлі де штаттық режимде қызметін атқаруда. Оқиғаның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтап жатыр.

Рустам АБДРАХМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жақын арада қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталады және қылмыстық процестің барлық қатысушылары тергеу нәтижелерімен белгіленген тәртіппен танысатын болады және іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.

Раминаны патронаттық тәрбиешісінен тартып алу әрекеті жасалды. Ол отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Бұл мәселе бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның бақылауында.