"Соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетті". Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қызылша ауруының белең алып тұрғанына алаңдаулы. Былтыр ушыққан жағдай әлі жақсарған жоқ. Жыл басталған санаулы күннің өзінде 1700-ге жуық адам жұқпалы дертке шалдыққан. Оның көбі- вакцина алмағандар. Үкімет басшысы барлық әкімдерге екпе егуді күшейтуді тапсырды. Вакцина салдырмағандардың дерті асқынып кетуі мүмкін. Тілшілеріміз өңірлердегі эпидахуал туралы айтады.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Үкімет резервінен қыруар қаржы бөлініп, миллионнан астам қосымша доза сатып алынса да, екпе егу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ал індет басылар емес. Премьер министр вакцина жұмыстарын сынға алды.
Елімізде 800 мыңға жуық бала қауіпті инфекцияға қарсы екпе алмаған. Қызылшаға қарсы вакцинаның тағы қосымша бір жарым миллион дозасы сатып алынған. Оны қысқа мерзімде егу қажет деді. Әсіресе шалғай елдімекендер назардан тыс қалмауы керек. Әрбір әкім оны қатаң бақылауда ұстауы қажет.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен.
Қызылша дерті 11 өңірде өршіген. Ауруға қарсы жағдайды тұрақтандыру мақсатында былтыр жоспарлы вакцинация жүргізіліп, 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала екпе алған.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Қосымша вакцинациялау шеңберінде 930 мыңнан астам егілді. Барлық жоспардан 62 пайызды қамтыды. Күн сайын 20 мыңнан астам адам егілуде. Егу жұмыстары қаңтардың аяғына дейін жүргізілетін болады.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Министр қазір еліміздің 6 өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалатынын айтты. Ал жеті аймақта вакцинациялау жұмыстары нашар жүргізіліп жатыр. Оның арасында Қостанай және Атырау облыстары да бар. Өңірдегі ахуалды қазір әріптестеріміз өздері жеткізеді.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Қызылшаға қарсы вакцинаны әдейі салғызбайтын ата-аналар қатары Қостанай облысында көп. Жыл басынан бері індет жұқтырғандардың 48 пайызы екпеден бас тартқандар.
Тобыл өңірінде осы тоғыз күннің ішінде 19 жағдай тіркелген. Жалпы қызылшаға шалдыққандар саны 238–ге жетті.
Әйгерім ҚАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Адамдардың вакцинадан бас тартуы қызылшаның өршуіне жол ашып жатыр.Соның салдарынан ұжымдық иммунитет төмендеп кеткен.Ата-аналар әртүрлі сылтаумен баласына екпе салғызбайды. Олар неше түрлі қаңқу сөздерге сеніп, өзгелердің де сеніміне селкеу түсіріп жүр.
Аймақта 20 мыңнан астам адам екпе алған. Оның көбі 4 жасқа дейінгі- бала.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Санитарлық сала мамандары 6 айлық нәрестеден 18 жасқа дейінгі бозбала мен бойжеткен бой жасырмай вакцина алғаны абзал екенін айтады. Біздің аймақтағы ахуал осындай. Ал Атырауда қызылшадан бөлек жедел респираторлы дерт те жиі тіркеліп жатқан көрінеді. Бұл туралы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Атырау облысында жіті респираторлық вирустық инфекция өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көбейген. Аймақта жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз.
Қазір 2 облыстық ауруханада 140 адам ЖРВИ-мен, 96 науқас қызылшадан ем алып жатыр. Басым көпшілігі – балалар, арасында жүкті келіншектер де бар.
Руслан ҚАЙЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ №2 АУРУХАНАНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГ ДӘРІГЕРІ:
Модулді ауруханадан қосымша 80 кереуетке инфекциялық ауруларды қабылдап жатырмыз. Яғни бұл жақта қазіргі таңда жалғыз қызылша инфекциясының ғана емес, жедел респираторлы вирусты инфекцияның да өршіген кезеңі.
Солардың бірі – Әйгерім Сабырова. Оған қызылша 5 жасар ұлынан жұққан.
Әйгерім САБЫРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Барлық ата-аналарды вакцина алуға шақырамын. Өйткені біз алмағандықтан ревакцинацияға да жете алмай жатырмыз. Ауыр өтетінін көрдім көзіммен.
Бірақ аймақта өз еркімен вакцина алатындар әлі аз. Ауырып келгендердің 90 пайызы екпе алмағандар,- дейді эпидемиологтар.
Айкөркем НҰРҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Атырау облысы республика бойынша 4- орынды алып тұр. Бізде ауырғандар арасында басым көпшілігі вакцина алмағандар .
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Аймақта 2-наурыздан бері қызылшаға 7мың жағдай күдікті болып, 2309 адамнан жұқпалы дерт дәлелденген. Көпшілігі – 14 жасқа дейінгі бала. Сондықтан мамандар бала денсаулығына бей-жай қарамай, вакцина алуға шақырып отыр.