Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясы

AstanaTV
31.03.2016ж. 20:00
1881
«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясы

«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалына жаңа төраға сайланды. Кезектен тыс ХIХ конференцияға жиналған делегаттар бұл лауазымға облыс әкімі болып жуырда тағайындалған Алтай Көлгіновтің кандидатурасын бірауыздан лайық деп тапты. Сондай-ақ, аталған алқалы шараға жиналғандар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына партиялық бақылау орнату да басты назарда ұстауға уағдаласты.

«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалына жаңа төраға сайланды. Делегаттар бірауыздан аймақтың әкімі Алтай Көлгіновты қолдады. 

Өңірдегі жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау нәтижесі бойынша, облыстағы 200 орынның 195-і нұротандықтардың еншісіне бұйырды. Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстандағы ең жас депутат атанған Біржан Қухаев бұл жолы да халық сеніміне ие бола білді. Ол партияның алдағы жоспарларын да іске асырауға ат салысатынын, өзіне жүктелген үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын айтты.

Біржан Қухаев, Ақжайық аудандық мәслихат депутаты:

Мәңгілік ел болуды ұлы мұратқа балайтын «Нұрлы жолдағы» сапарымыздың сәтті болмағы баршамызға бірдей байланысты. Ең бастысы, біз жолсыз жүрген саяхатшы емеспіз. Біздің мақсатымыз айқын, міндетіміз зор деп білемін. Ол Елбасы жариялаған бес халықтық реформаны орындауды көздейтін «100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындау.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы да партияның жіті назарында болмақ. Бұл ретте маңызды нысандарда партиялық бақылау орнатылады. Әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көліктік-логистика инфрақұрылымдарын дамыту да қатаң бақылауда болады.

Мәлік Құлшар, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

Ендігі мақсатымыз – «Нұр Отан» партиясының мәслихаттардағы партиялық фракцияларды құрып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, бюджет қаржысының мақсатты орындалуына партиялық бақылау орнату.

Конференция барысында партияның облыстық филиалының жаңа төрағасы барлық деңгейдегі мәслихат депуттатарын бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасы:

Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» партиясы баянды бастамаларға қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйтқысы болуда. Кешегі өткен үлкен саяси науқандағы "Нұр Отан" партиясының қол жеткізген көрсеткіші - соның айқын дәлелі. "Нұр Отан" партиясы - Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда соның үлкен тірегі. Экономикалық дамудың жоғары қарқынын және барлық азаматтардың әл-ауқатын одан әрі өсуін қамтамасыз ету - біздің алға қойған мақсатымыз.

Конференцияда партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына да өзгерістер енгізілді. Ал жаңа төраға өңірде партияның беделі жоғары екенін жеткізді. Үлкен істердің ұйтқысы болған нұротандықтардың қатары жыл санап көбейіп, бүгінде 33 мың адамға жетіпті.

Еркін КАРИН