Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Бүгін – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

12.01.2024ж. 20:00
555
Бүгін – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл. Еліне ерен еңбегі сіңген тұлғаны ұлықтау мақсатында Алматыда «Өткенге құрмет» акциясы өтті. Салтанатты жиынға Дінмұхамед Ахметұлының туғандары, әріптестері мен қала тұрғындары жиналды. Олар қайраткердің бюстіне гүл шоқтарын қойып, өр азаматты еске алды.

Дінмұхамед Қонаев - мемлекет және қоғам қайраткері. Ол үш мәрте Социалистік еңбек ері атанды. Кеңес Одағының Комунистік партиясына мүшелік етіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. «Өмірдің екі тірегі бар: Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау», - дейтін еді Дінмұхамед Ахметұлы. Інісі, мұрагері Диар Қонаев оны ақжарқын, мінезі жұмсақ адам ретінде еске алады. 1990 жылы жұбайы Зухра Шәріпқызы қайтыс болған соң, онымен бір шаңырақтың астында тұрған екен. «Ағамнан біраз үлгі – өнеге алдым»,- дейді.

Диар ҚОНАЕВ, Д. ҚОНАЕВТЫҢ ІНІСІ:

Ол кісімен әрқашан етене жақын араластық. 3 жыл бойы бірге тұрдық. Мінезі өте жайлы, мейірбан, ақкөңіл жан еді. Мені көп нәрсеге үйретті, үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Әсіресе, аянбай еңбек етіп, қарапайымдылықты ұмытпауға аса мән беретін.

Қазіргі таңда Дінмұхамед Қонаев атындағы музейге күн сайын 100-ге жуық адам келеді. Олардың арасында жасы да, кәрісі де табылады. Тұрғындардың өр тұлғалы азаматтың өміріне деген қызығушылықтары жоғары.

Елена КУБАШЕВА, Д. ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ МУЗЕЙДІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өткен жыл біз үшін маңызды. Себебі, музейге 35.000 – нан астам адам келді. Мұнда 8000 - астам жәдігер бар. Димаш атамыздың ұстаған таяғы бар. Таблица Менделеева бар. Оны институт металлургии сыйлаған екен Димаш атамызға.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Сондай-ақ көрнекті мемлекет қайраткерінің 2012 жылы ашылған пәтер-музейі бар. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлы 24 жыл өмір сүріпті. Баспана 4 бөлмеден тұрады. Барлық заттар түпнұсқа күйінде сақталған. Мәселең, қазір біз Дінмұхамед Қонаевтың жұмыс бөлмесіндеміз. Мынау жеке кітапханасы. Онда 5000 -нан астам кітап бар.

Шынымен де оның кітап оқығанды жақсы көргенін зәулім кітапханасынан-ақ байқауға болады. Білімге құштарлықты құп көріпті. Тіпті, өмірінің соңына дейін көз майын тамызып, газет беттерін ақтарып отыратын дейді жақындары.

Гүлжамал ДӘРКЕНБАЕВА, Д. ҚОНАЕВТЫҢ ТУЫСЫ:

Ол кісі айтатын: «Өз Қазақстаныңды, өз Отаныңды сүй. Және өте мықты, білімді бол. Үнемі жақсы оқу керек, тек 5-ке оқу керек. 5- ке оқып, одан кейін де әлсіз болмай, одан әрі жалғастыру керек. Өз халқыңа, Қазақстаныңа қызмет ет» деп үйрететін ол кісі.

Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол елдің экономикасын, әлеуметтік саласы, ғылымы, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Халқының қамын ойлаған азаматтың есімі мәңгі ел есінде қалмақ.