Түнгі уақытта Астанадағы Байтұрсынов көшесінде тұратын 39 жастағы ер адам жақын адамын мерекемен құттықтау мақсатында пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан. Алайда оның әрекеті айналасындағы тұрғындардың тыныштығын бұзды, - деп хабарлайды Astana TV.
Құқыққа қайшы әрекеті үшін ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Астана қаласының полиция департаменті түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың тыныштығына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертеді.
Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуге шақырады. Мерекелік себеп пен ізгі ниет те заң талаптарын сақтаудан босатпайды.