Оңтүстік
аймақтарда қыс қаһарына мінді. Бұрқасын бораннан «Алматы-Ташкент» тас жолы
жабылып, қозғалыс қиындады. Секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел әсіресе
жолаушыларды әбігерге салып жатыр. Жамбыл облысы аумағында мыңдаған көлік жол
жиегінде қаңтарылып тұр. Өңірдегі тілшіміз Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.
Тараздан
15 шақырым жердегі Айша бибі ауылы маңынан өтетін күре жолдың бойындағы
көрініс - осы. Боранның беті қайтпай,
керісінше, екпіні еселене түскен. Көліктер жолға симай тұр. Жақын маңдағы жүк
көліктеріне арналған арнайы автотұрақ та толып қалған.
Данияр
Әлімқұл, тілші:
Жол
жиегінде кептелген көлік көп. Австобустар мен ауыр жүк көліктері тәулік бойы
Тараз шетінде тұр. Ас-ауқаттан тарыққан мыңдаған жолаушыдан маза қашты. Олар
Шымкент пен Өзбекстанға жете алмай дал.
Райхан
Қасымбаева, Өзбекстан тұрғыны:
Өзбекстанға
бара жатырмын. 2-00 де болды. 2-ден бері
тұрмыз түннен бері. Бір көмек бола ма деп жатырмыз осы елден.
Рамиш
Талипов, Өзбекстан тұрғыны:
Ақша
кетіп жатыр. Тамаққа кетіп жатыр, басқаға да, ел-жұрт қиналып жатыр. Амал жоқ, қайтеміз енді?Адамдар бар бізде міне 1 айлық пропискаға қойылған. Ол прописка
біткен соң, не болады енді, оны ешкім білмейді.
Бұл
жерде негізінен ауыр жүк көліктері жиналған. Басым бөлігі Алматыдан Шымкентке
тауар тасымалдап бара жатыр. Жолаушылар автобустары да кездеседі. Кеше түнде
басталған боз боранда бір адым да жүру мүмкін болмаған. Жүргізушілер жолды
қардан аршу жұмыстары жүрмей жатқанына алаңдаулы.
Ибрагим
Алиев, көлік жүргізушісі:
Жол
тазалап жатқан бар ма десек, бір техника жоқ дейді. Бір техника істеп жатқан
жоқ. Мына жақта кем дегенде 2 мың машина бар қазір. Мына автотұрақтар толы.
Айдос
Қосын, автобус жүргізушісі:
Таңертең
6-дан бері тұрмыз. Жабық жол. Білмейміз енді, 3 техникаға ғана тұр
дейді. Ешқайсысы оның жұмыс жасап жатқан жоқ. Құм, топырақ, тұз тасып жатқанын көрмедік енді. Біз міне, 40 адам тұр
жаурап, бала-шағалары бар.
Түнгі
сағат бірлер шамасында жабылған жол әзірге ашылмайтын сыңайлы. Жуалы
ауданындағы «Күйік» және «Шақпақ ата» асуында 20 шақты жеңіл көлік қар
құрсауында қалып қойған. Ол жаққа бірнеше техника мен 50-ден аса құтқарушы аттаныпты.
Азат
Әбдіразақов, Жамбыл облысы ТЖД бірыңғай
кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы:
23
жеңіл көлік пен 4 жүк көлігін шығардық. 150-ге жуық адам эвакуацияланды. Оның
18-і бала. Автобустардағы 56 жолаушы Момышұлы ауылындағы мектепке орналасты.
500-дей жолаушы Айша бибі ауылындағы мектепке түнейді.
Руслан
Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:
Ауа
райы дұрысталса болды, оларға ешкім
кедергі болмайды. Біз әзірше халықтың
бұған түсіністікпен қарауын сұранамыз. Жол жүру бұл аумақтарда қазір өте қауіпті.
Оңтүстік
Қазақстанда да күн райы күрт суыды. Қардың соңы бұрқасын боранға ұласқан. Қатты
жылдамдықпен жел соғатыны туралы төтенше жағдай мамандары ескерту таратып
жатыр. Соған қарамастан, алыс жолға шығып кетіп жатқандар бар.
Бақытқали
Есіркепов, ОҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы:
Шектеу
қойылуына қарамастан, кейбір автокөліктер шектеуді өтіп кетіп, кейбір жолдарға
тұрып қалу себептері болып жатыр. Ондай шектеуді алдын алу мақсатында, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, шектеуді Сайрам ауданынан бастап
қоюға шешім қабылданды. Қазір шектеу Сайрам ауданынан бастап қойылып, шешім
орындалуда.
«Қазгидромет»
мамандары оңтүстік облыстарда қалың қар жауатынын ескертеді. Бұрқасынды боран
мен қатты аяз демалыс күндері де сақталатын сыңайлы.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ