Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қатысты тексеру басталды – Антикор

AstanaTV
16.01.2024ж. 19:54
433
Алматы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қатысты тексеру басталды – Антикор

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты дамытуға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты тексерісті бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Антикор бұл саладағы жемқорлықтың себептері мен жағдайларын толықтай анықтайтындарын хабарлады. Алдымен ең көп қаржы бөлінген спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді. Тексеру нысанына облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, әрі оған қарайтын ұйымдар ілініп отыр.

«Бұдан бөлек, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенеді. Талдау Департаменттің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізіледі», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Сонымен қатар, Антикор өкілдері азаматтарды Сыбайлас жемқорлықты анықтауға қатысуға жұмыстарда белсенді болуға, бірлесіп жұмыс істеуге де шақырды.

«Егер Сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды almobl.prevent@antikor.gov.kz электрондық поштасына жіберуіңізді сұраймыз», - делінген хабарламада.