Жол-көлік оқиғасы салдарынан 80-ге жуық жолаушы жарақат алып, оның төртеуі ауыр халде ауруханаға түсті, деп хабарлайды Astana TV.
Қайғылы оқиға жексенбі күні кешке Монтсени табиғи паркінің аумағында, Фогарс-де-Монтклус муниципалитетіне таяу тұстағы тар тау жолында болған. Апатқа ұшыраған автобус Сант-Селони мен Фогарс-де-Монтклус елді мекендері арасында тұрақты бағыт бойынша қатынайтыны белгілі болды.
Каталонияның шұғыл медициналық көмек қызметінің мәліметінше, 18 адам орташа деңгейде жараланса, ондаған жолаушы жеңіл жарақат алған. Зардап шеккендердің барлығы аймақтағы емдеу мекемелеріне жеткізілді.
Оқиға орнында бірнеше құтқару қызметі жұмыс істеді: өрт сөндіру бөлімдері, 15-ке жуық жедел жәрдем көлігі және екі медициналық тікұшақ жұмылдырылды. Сонымен қатар зардап шеккендер мен олардың жақындарына жедел көмек көрсету үшін арнайы қабылдау пункті ұйымдастырылды.