$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Қазақстандық 400 блогер былтыр 200 млн теңге салық төледі», - қаржы министрі

16.01.2024ж. 20:00
642
«Қазақстандық 400 блогер былтыр 200 млн теңге салық төледі»,  - қаржы министрі

Былтыр қазақстандық 400 блогер қазынаға 200 млн теңге салық төлеген. Бұл- мемлекеттік кірістер комитетінің танымал блогерлерді санамалап, мөлшермен шығарған есебі. Экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы классификаторында «блогерлік» жоқ. Сондықтан интернеттің жұлдыздары кәсіпкер, білім беруші секілді әртүрлі санатпен тіркелген.

Инфлюенсер-миллионерлердің көбі табысының тек 3 процентін үкіметке аударады. Өйткені олар кіші бизнес субъектісі ретінде тіркеліп алған. Сондықтан жеңілдік беретін арнаулы салық режимін пайдаланады. Ал маркетингпен айналысатын блогерлер жалпыға бірдей режим бойынша 10 процент салық төлеуі тиіс.

Ерқанат ШЫҢБЕРГЕН, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Талдау нәтижелері бойынша қарадық, олар тіркелген шынымен иә. Жеке кәсіпкер ретінде немесе заңды тұлға ретінде. Көбінесе танымал блогерлер шынымен тіркелген.

Былтыр «Онлайн-платформа және онлайн-жарнама» атты заң қабылданды. Онда «инфлюенсер» сөзіне анықтама берілгенімен, нақты қанша жазылушысы бар блогерді «кәсіпкер» деп санайтыны көрсетілмеген. Автоблогер Ерғазы Әзімханұлы өз еркімен табысын растамаса, әлеуметтік желі жұлдызынан салық алу қиын дейді.

Ерғазы ӘЗІМХАНҰЛЫ, БЛОГЕР:

Бартерге жасалатын нәрселер болады, мысалы, табыстан бөлек деген сияқты. Агенстволармен жұмыс істейді, блогерлердің барлығы. Жік-жігіне бөліп, дұрыс жағынан болса, әрине оның болғаны дұрыс деп есептейміз. Бірақ қиынға соғатын секілді деп ойлаймын.

Кейбір тәуелсіз журналистер мен инфоблогерлер халықтан «донат» жинайды. Яғни, жұмысын жалғастыру үшін қолдау сұрайды. Еңбегін бағалағандар өзі қалаған сомасын жіберіп жатады. Олар да салық төлей ме?

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Тәуелсіз журналистикаға ешқандай тұсау болмайды. Егер де олардың қызметі кәсіпкерлікпен байланысты болса, әрине олар салық төлеуі тиіс. Оған арнайы салық режимдері бар. 1 – 4 процентке дейінгі жүктеме. Егер олардың жұмысы тікелей кәсіпкерлікке байланысты болмаса, оларға ешқандай сұрақтар туындамайды. Салық төленбейді.

Әлеуметтік желі арқылы науқас, көмекке мұқтаж жандарға жылу жинап жатады. Бұл да кәсіпкерлікке жатпайды. Дегенмен ондай мақсаттағы аударымдар салық комитетінің тексеруіне ілігеді. Тиісті факті келтірсе, салықтан босатылады.