$498.34 €519.72 ₽4.85
×

9 мың қазақ баласын шетелдіктер асырап алған

18.01.2024ж. 20:00
1386
9 мың қазақ баласын шетелдіктер асырап алған

1999 жылы халықаралық Гаага конвенциясына қосылған соң Қазақстан жетім балаларды шетелдіктердің асырауына бере бастады. Ресми ақпарат бойынша, 25 жылда 9 мыңға жуық бала өзге мемлекет азаматтарына берілді. Оның 6 мыңнан астамы АҚШ-қа кетті. Есейіп, етек-жеңін жинаған тастанды балалар енді тегін іздеп, елге келіп жатыр. Бұл жайт тағдырлар тоғысындағы талай былықтың бетін аша бастады. Толығырақ тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

«Қазақстан жетімдерді 50 мың долларға сатты». 2000 жылдары қазақ баласын асырап алған шетелдік ата-аналар лауазымды тұлғаларға осынша ақша берген. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы, журналист Жанар Байсеміз Abai Live ютуб арнасына берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады.

Жанар БАЙСЕМІЗ, ЖУРНАЛИСТ:

Оншақты отбасы келіп Тараздан әрқайсысы 50 мың доллар беріп балаларды алып кеткен. Бұл салада жемқорлықтың барын ешкім жоққа шығармайды. Бір америкалық ата-ананың өз аузынан естідім ақша талап еткендерін біздің жақтың. Маған елшілердің өздері айтады. Кезінде талай жемқорлық болды ғой бұл салада. Сен білесің ғой бұл туралы деп. Бірақ өздері камераға айтпайды.

Оның айтуынша, бала саудасы қызу жүрген. Тіпті жаңа туған сәбилерді ата-анасына өлді деп, тірі жетім қылғандар бар. Сондай қылмыстың құрбаны болған 25 жастағы Гүлмира есімді ару былтыр туған анасымен қауышты.

Осы оқиғадан кейін 2000-жылдары босанған көптеген әйел басынан тура осындай жағдай өтіп, баласынан айырылғанын жазған. Бельгиялықтар асырап алған Жәнібек есімді жігіттің де тағдыры осыған ұқсас, шым-шытырық. Ол биологиялық анасын іздеп, таба алмай жүр. 2000-2004 жылдары Арқалықтағы жетімдер үйінен Жәнібекпен қатар 80 бала шетел асқан. Оның ресми өкілі Қымбат Досжан перзентханадан басталған былықтың бетін ашу үшін Бас Прокуратураға арыз жазды.

Қымбат ДОСЖАН, ЖӘНІБЕК ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты. Жоғарыдағы мәліметтерді ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек қана «Салғырттық» бабы бойынша емес, кәмелетке толмағандар саудасы бойынша қайта қозғалуын сұрап, еліміздің бас прокурорына хат жолдадық.

Бұл жәйттар қоғамдық резонанс тудырып, қызу талқылануда. Бүгін Сенатор Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға депутаттық сауал жолдады. Ол 1999 жылға дейін шетелге есепсіз кеткен балалар туралы зерттеу жүргізуді ұсынды. Әрі кәмелетке толған соң олардың Қазақстан азаматтығын таңдауға құқық беру керек деді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Оңтүстік Африкаға кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113 баланың тағы сол сияқты тағдырын білмейміз. Ең сорақысы 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ.

Шетел асқан балалардың 5217 қазір кәмелетке толған. Олар да біртіндеп туғандарын іздеп, елге оралары анық. Енді әрқайсысының туғандарын іздеуге көмектесуді де мемлекет жауапкершілігіне алу керек, - деді депутат.