Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қарағандыда үсіп қайтыс болған екі жасар бүлдіршінді ата-анасы өртеп жіберген

AstanaTV
26.12.2016ж. 20:00
2436
Қарағандыда үсіп қайтыс болған екі жасар бүлдіршінді ата-анасы өртеп жіберген

Қарағандыда 2 жасар қыздарын алдымен иен далаға тастап, кейін үсіп қайтыс болған соң пешке өртеп жіберген ата-ана тергеуге алынды. 10 ай бұрын жасалған қылмыстың беті енді ғана ашылды. Осынша уақыт ішінде бүлдіршіннің жоқ екеніне байқамаған ақ халаттылар мен кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейтін мекеме қызметкерлері де жауапқа тартылуы мүмкін. Жантүршігерлік оқиғаның мән -жайын тілшіміз Айжан Қуаш баяндайды.

Жантүршігерлік оқиға биыл қаңтар айында болған. Алайда, қылмыстың беті осыдан екі апта бұрын ғана ашыла бастапты. Сұмдық жайтты бірінші болып, жергілікті тұрғын Галина әжей білген.

Галина Грущенко, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Былтырғы ақпан айынан бері қызды көрмей кеттім. Қайда деп сұраған кезде анда-мында, кейде туған әкесінде деп сылтаурататын. Шындығында, осылай болып шықты. Мүмкін, күйеуінен қорыққан шығар. Өйткені күйеуі оны үнемі ұрып-соғатын. Алғашқы күйеуінен туған екі баласын да сабайтын.

Әжей іштей күдіктенген соң, полицияға шағымданғанын айтады. Облыстық прокуратураның дерегінше, күдіктілер далада қалған балғынды ертеңінде іздеп шыққан.

Айжан Қуаш, тілші:

«2 жасар қыз бала Үштөбе тас жолынан небәрі 200 метр жерде үсіп қайтыс болған. Оны мұнда өгей әкесі кешкі сағат 8 жарым шамасында тастап кетіпті. Ауыл сырты болғандықтан, бүлдіршіннің шырылдаған даусын ешкімнің естімегені анық».

Құзырлы орындардың дерегінше, өгей әкесі бұрын адам өлтіріп, түрмеде отырып келген. Күдікке ілінген ананың кәмелет жасына толмаған тағы екі баласы бар екені анықталған. Осы оқиғадан соң олар қамқорлыққа алу органдарына жіберіліпті. Күдікті ата-ана енді Қылмыстық Кодекстің 99-ыншы, яғни «көрінеу кәмелеттік жасқа толмаған адамды өлтіру» бабымен қамауға алынған.

Шыңғыс Нұрдәулетов, Қарағанды облыстық прокурорлар басқармасының аға прокуроры:

Өздерінің кәмелеттік жасқа толмаған, 2013 жылы туылған қызын тастап кеткен болатын. Суықтап ажал тапқан. Содан кейін күдіктілер баланың мәйітін тапқаннан кейін пешке өртеп жіберген. Осы тергеу кезінде анықталған жайттар, яғни деректер, егер қандай да бір мемлекеттік органдар тарапынан құқық бұзушылықтар анықталса, тексеру жүргізіледі. Тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады.

33 жастағы ана мен 37 жастағы өгей әке әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардаң санатында. Сөйте тұра, 10 ай бойы дәрігерден тиісті екпелер алуға келмей, кенет жоқ болып кеткен бүлдіршінді ақ халаттылар іздеп, тиісті органдарға хабарламағаны көпке беймәлім болып отыр. Прокурорлар бұл жағдайды бақылауға алды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасады. 

Айжан ҚУАШ