Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Майқайыңдағы апат: Құтқарушының жары көмек сұрайды

22.01.2024ж. 20:00
501
Майқайыңдағы апат: Құтқарушының жары көмек сұрайды

«Майқайың алтын» шахтасына құлаған құтқарушылар әлі табылмады. Бүгін іздеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына он сегізінші күн. Алайда, нәтиже жоқ. Құтқарушылардың туыстары бұл мәселені құзырлылар ерекше назарға алса дейді. 

Нұрұлу Шаймерден - құтқарушы Айдос Шаймерденнің жұбайы. Олардың 5 баласы бар. Кішісі 2-ге де толмаған. Қайғыдан қан жұтқан келіншек іздеу жұмысына көңілі толмайтынын айтады.

Нұрсұлу ШАЙМЕРДЕН, ҚҰТҚАРУШЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ:

Бүгін міне жолдасымның қасымызда болмағанына 18 күн. Артында еңіреп кәмелет жасқа толмаған, тіпті аузынан сүті кетпеген 5 балам әкесін күтіп отыр. Адам өмірі басты құндылық емес пе? Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа. Неге техника алдыртпасқа. Маған азаматым 5 баланың әкесі қорғаны керек.

Естеріңізге салайық, 4 қаңтар күні түнгі уақытта құтқарушылар мінген автобус «Майқайың алтын» шахтасында опырылған жерге құлаған болатын. Ішінде 4 бірдей адам болды. Оның екеуінің мәйіті сол күні табылды. Алайда, автобус пен ішіндегі 2 адам әлі табылмай тұр.

Олег ТРЕЩЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Геосканер түгел автобусты көрсетпейді. Тек жер астында қандай да бір темірдің жатқанын анықтайды. Сондықтан, көлік жатқан жерді дәл табу қиындық тудырып тұр. Бірақ, біздің мамандар қауіптілікке қарамастан жұмыс істеп жатыр.

Құтқару жұмысына 150-ге жуық адам мен 45 техника жұмылдырылған. Шыңырау түбіне шағын екі экскаватор түсірілді. Алайда, бұған дейін анықталған автобустың болжалды орны қате болып шыққан. Ол жерден автобус емес екі метрлік құбыр сынығы шықты.