Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда 9 полицейге қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
28.12.2016ж. 20:00
3000
Атырауда 9 полицейге қатысты сот үкімі шықты

Атырауда бірден 9 полицейге қатысты сот үкім кесті.  Олар - Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің анықтаушылары мен жедел уәкілдері және тергеушілері. Сот залына, Өзбекстан азаматын өлтіріп, 22 жылға сотталған бұрынғы әріптестері Манарбек Өтеуовтың шулы хатынан соң, келген еді. №2 сот судьясы  Дәуренбек Дауымов бар-жоғы бір айдан астам уақытта экс-полицейлердің ісі қарап, шешім шығарды.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Даудың басы экс-полицей Манарбек Өтеуовтың атышулы хатынан басталған болатын. Ол биыл мамыр айында Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді өлтірді деген айыппен 22 жылға сотталған еді. Тергеу қапасында отырып, «қылмыс жасауға бастықтары Бейбіт Шалтенов пен Нұрболат Қабдешев мәжбүрледі» деп хат жазған хаты әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын.

Айыпқа толы 8 беттік хаттынан соң 8 полицей мен екі басшы тергеуге ілінді. Полицейлерге лауазымдық өкілеттіктерге асыра пайдалану, қорқыту жолымен пара алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру дәлелдемелерін бұрмалау, кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту сияқты Қылмыстық кодекстің 6 бабымен айып тағылған еді. Бүгін қалалық нөмірі екінші сот 4 полицейге үкім кесті.

Дәуренбек Дауымов, Атырау қалалық №2 сотының судьясы:

Достановқа тоқетер жаза ретінде, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқынан өмір бойы айыру мен қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алған мүлкін мемлекеттің меншігіне тәркілеумен және полиция майоры арнайы атағынан айыру мен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Бұл адамдар - Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкерлері: анықтаушылары, жедел уәкілдері мен тергеушілері. Бүгін экс-полицей Азамат Достанов, Ильяс Стамғалиев, Нұржан Оразғалиев, Ернар Іздібаевтар 3 жылын жалпы режимдегі абақтыда өтейді. Ал мемлекеттік айыптаушымен процессуалды келісімге келіп, қылмыстарын мойындаған аға анықтаушы Александр Ким мен анықтаушы Аслан Хайруллиннің әрқайсысы шартты түрде 2 жылдан арқаласа, жедел уәкілдер Азидолла Баянов 2 жарым, Әли Қабдешев 3 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Оларға үкім осыдан екі күн бұрын шыққан еді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Айта кетейік, Атырау қалалық криминалдық полиция бастығы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтеновтің ісі бөлек қаралып жатыр. Оларға қатысты тергеу жүруде. Сот процесі қашан басталатыны белгісіз.