Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Алматыда "үй сатамын" деген жарнама көбейді

26.01.2024ж. 20:00
749
Алматыда "үй сатамын" деген жарнама көбейді

Алматыда үш күнде екі мыңға жуық жер дүмпуі тіркелді. Оның 10-ын алматылықтар сезінген. Жер дүмпуі 2-3 балл деңгейінде болды. Сейсмологтардың айтуынша, бұл қауіп төндірмейді. Мұндай жер сілкінісінен кейін әлсіз дүмпулер міндетті түрде болып тұрады. Ол жылдар бойы созылуы мүмкін. Бірақ, тұрғындар бәрібір үрей құшағынан шыға алмай отыр. Кейбірі тіпті басқа қалаға қоныс аударуды ойлауда. "Үй сатамын" дегендердің жарнамасы көбейді. Ал бұл өзге өңірлердегі баспана бағасына әсер ете ме? Тілшілеріміз мамандармен тілдесті.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Алматыда жер сілкінген түні тұрғындар абыр-сабырда жаппай баспаналарын тастап кетті. Әсіресе көпқабатты үйлерде тұратындар қорқып қалған. Әлі күнге дейін қала сыртындағы саяжайларды паналап отыр. Сол сәтте мегаполистен 19 мың көлік шығып кеткен. Дүмпу қайталана ма деп үрейленгендер қаладан көшуге бел буған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Көп адамдар паникаға кіріп, біреулер жер там алу керек қымбаттайды деп жатыр. Бала -шағам болғаннан кейін, үлкен кісілер болғаннан кейін әрине жер тамды армандаймыз.
- .Осы соңғы болған жер сілкінісінен кейін әрине қорқасың, сондықтан болашақта Астанаға көшу жайлы ойым бар. Өйткені қауіпсіздік үшін, балаларымының қауіпсіздігі, жанұям үшін дұрыс болады деп ойлаймын.
- Видеолар шықты 19 этаждан пәтер сатам, өте арзан деп. Енді осыдан кейін көбісі ойланатын шығар, жер үйге көшетін шығар. Көпқабаттын үйлерден үй алмайтын шығар.

Алып шаһардың баспана нарығы бір апта ішінде біраз құбылды. Алматы және облыстағы жеке үйлер мен саяжайларды жалға алуға сұраныс 4 есе артып, баға 15%-ке өскен. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл- уақытша құбылыс.

Тілек РУСЛАНОВ, БАСПАНА НАРЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

Иә, бізде жер сілкінісі болғаннан кейін кейбір кісілер қобалжып үйлерін сатылымға шығарды ешкім 5-10 миллионға үйлерін сатып жатқан жоқ. Жай сатылымға шығарып, күтіп отыр. Сатып алатын адамдар сатып алып жатыр оны. 1 апта 2 апта өтеді, адамдар бұны ұмытып кетеді. Ол екі аптаның ішінде ешкім пәтерін сатып үлгермейді ғой. Сол пәтерлерде қалады деп ойлаймын. Жер үйдің бағасы сәл қымбаттауы мүмкін.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Алматы маңында бүгін түнде де 6 рет жер сілкінді. Бұл жұртты тағы үрейлендіріп, алаңдатып, баспана ауыстыруға итермелеп жатыр. Соңғы аптада жер үйлерге сұраныс артты. Әлеуметтік желіде “пәтерімді саяжайға ауыстырамын” деген хабарландырулар көбейген. Өзге жаққа көшкісі келетіндер де бар. Осыған орай басқа өңірлерде баспана бағасында өзгерістер болуы мүмкін дейді мамандар. Әрі қарай астаналық әріптесім Динара Жақсыбайқызы айтады.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Расымен, жұрт енді елордада пәтер бағасы қымбаттайды деп жүр. Алматылықтар Астанаға ағылып келеді деп жұрт шулап жатыр. Әлеуметтік желіде де бұл мәселе қызу талқылануда. Сырттан көшіп келетіндер көбейсе, үй бағасы шарықтап кетеді ме деп алаңдайды. Алайда мамандар қорқуға еш себеп жоқ, дейді.

Әзірге Астанада жылжымайтын мүлік бағасы көтерілмеген. Бірақ жақын арада 5-10 пайызға артуы мүмкін. Алайда алматылықтар үй сатып алады дегенге сену қателік, дейді мамандар.

Нұржан ТӨКЕНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Алматылықтар жаппай үйін сатып келеді дегенге сену қиын. Өйткені олар жер сілкінісіне үйренген. Сонда оқып жатқан студенттер оқуларын ауыстыруы мүмкін. Олардың барлығы баспана сатып ала алмайды. Бірақ соңғы күндері үй сататын жарнама агенттіктерінде Астана қаласындағы үйлер көп қаралым жинаған. Бұл алматылықтар жай қарап шықты немесе алдағы уақытта басталатын бағдарлама арқылы пәтер алушылардың дайындығы деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, қаңтар мен ақпан айы - баспана саудасында өлара уақыт. Тек көктемде үй бағасы көтерілуі мүмкін, дейді.

Бауыржан ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Осындай бір факторлар қайталанатын болса, халық тағыда ажиотаждың құрбанына айналып кетуі мүмкін. Көп адамдар үйдің бағасы тұрақталады деген уақытты күтіп жүріп, мәне қазір алам деген уақытта сол сырттағы болған факторлармен байланысты, риэлторлар болмасын, тағы да басқа сатушылар нарықтағы бағаны 10-15 пайызға көтеріп жіберуі мүмкін. Сол үшінде осыны қадағалайтын органдар жұмыстарын күшейту керек.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Дегенмен, Алматыдағы жағдай үй бағасының өсуіне аздап болсын әсер ететінін ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі, риэлторлар мен құрылыс компаниялары осы ажиотажды өз пайдасына жаратуы әбден мүмкін. Былайынша, бағаның көтерілуіне ешқандай экономикалық негіз жоқ.