Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мәжіліс депутаттары «Ақсай нан» ұжымымен кездесті

AstanaTV
05.01.2017ж. 20:00
4502
Мәжіліс депутаттары «Ақсай нан» ұжымымен кездесті

Бір бөлке нанның құны 75 теңге болуы тиіс. Алматыдағы «Ақсай» нан өнімдері комбинатының ұжымы Мәжіліс депутаттарына осындай ұсыныстарын жеткізді. Мұны олар ұн бағасының аспандап кеткенімен байланыстырады. Палата төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева бастаған бір топ депутат өндіріс ошағы қызметкерлерінің ұсынысын мұқият тыңдады.

Кездесу барысында мәлім болғандай, егер өнім құнын көтермесе, талай жылдық тарихы бар комбинат шығынға батуы мүмкін. Осыдан 7 жыл бұрын  бірінші сортты ұнның келісі 40 теңге болған. Соған сәйкес нан бағасы да 55 теңгені құрады. Ал қазір мұндай ұнның келісі 92 теңгеге жетті. Ал нарықтағы нанның бағасы 69 теңге, бұл біз үшін тиімсіз, дейді комбинат өкілдері.

Раиса Цыганок, «Ақсай нан» ЖШС бас директорының орынбасары:

Қазір біздің шығынымыз айына 55 миллион теңгені құрап отыр. Бір бөлке нанның бағасын 75 теңгеге қымбаттатайық деген ұсыныспен шықтық. Бұл да нанның өзіндік құны емес. Өйткені қазір ұнның бағасы қымбат. Сондықтан 75 теңгенің өзі шығынымызды жаппайды. Бүгінгі нарықта баға 90 теңге болуы керек. Бірақ біз халыққа нанды бұл бағаға сата алмаймыз. Себебі біздің жұмысшылар сияқты жалақысы аз тұрғындар көп.

Нан өнімдерін шығаратын комбинат ұжымы депутаттарды наубайхананың бүгінгі әлеуетінен хабардар етті. 1300-ден аса білікті маманның басын қосқан комбинат тәулігіне 150 тоннадай нан-тоқаш өнімдерін шығарады. 3 мыңға жуық сауда-саттық орындарымен байланыс орнатқан. 200-ге жуық нан өнімдерінің түрлерін үлестіріп отыр. Өз кезегінде халық қалаулылары қуатты кәсіпорынға көмек қолдарын созуға уәде берді.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

«Бәсекелестік пен тұрғын үй» мәселелері бойынша заң жобасы. Сол заң жобасы бойынша мемлекеттік реттеуді кейбір өнімдерге сақтап қалуды біз міндеттеген болатынбыз. Электр энергиясы, газ, транспорт  бағаларын мемлекет реттемесе, бағасы өсіп кетіп, ол бағаның өсуі ары қарай мына тағамдарды бағасының өсуіне де әсер етеді. Ұнның бағасы күнделікті өсіп отыр. Ал біз нанның бағасын өсірмей ұстап отырмыз дейді. Ал енді ол жағын қарау керек.