Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жедел жәрдем қызметіне негізсіз жүгінгендер жауапкершілікке тартылуы керек

AstanaTV
05.01.2017ж. 20:00
2671
Жедел жәрдем қызметіне негізсіз жүгінгендер жауапкершілікке тартылуы керек

Алматы дәрігерлері жедел жәрдем қызметін негізсіз шақыртып, қазынаға шығын келтіретін азаматтарға шара қолдануды ұсынады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жаңа жылдық демалыста күніне 4,5 мың шақырту түскен. Оның 30-40 пайызы дәрігер көмегін қажет етпейтін болмашы ғана ауру түрлері болып шыққан. Нәтижесінде қазынаға шығын келген, әрі ауыр науқастарға көмек жетпей қалған фактілердің артқаны байқалды.

Кезекті шұғыл шақырту алған жедел жәрдем бригадасы жолға шықты. Діттеген жерге келгенде, дәрігерлер әдеттегі көрініске тап болды. Екатерина Приходько өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдемге хабарласқан. Мамандар оны тексере келе, дансаулығының қалыпты екенін айтып, түсіндірді.

Почему вы в поликлинику не обращаетесь? Мы же всегда им передаем. - Да, вы всегда передаете, а они не всегда приходят.

Мұндай шақыртулар жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері үшін қалыпты құбылысқа айналған. Бригада мүшелері жеңіл желпі сырқаты барлардың күтімі жергілікті емханаларға бекітілгенін айтады. Сондықтан шұғыл көмекті қажет етпейтін жағдай ретінде тіркеледі. Бірақ мамандар әрбір  қоңырауды жауапсыз қалдырмайды және шақыртуға баруға міндетті.

Александр Лазарев, Алматы қаласы жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары:

Осы күні біз шақыртуға барғанда өз міндетімізден тыс жұмыс істеп уақыт жоғалтамыз. Науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге тиіспіз, ал көбіне бізді дәрі үлестіру, кеңес беру үшін шақыратын азаматтар тым көп. Бұл учаскелік дәрігер атқаруы тиіс міндеттер. Мұндай шақыртулар біз үшін бос әурешілік.

Алматыда өткен демалыс күндері бір тәулікте 4,5 мың шақырту түскен. Дәрігерлер оның 1,5 мыңы қызу көтерілуінің жеңіл түрі, тізенің сыздауы екенін айтады. Ең сорақысы сол,  кейде тіпті үй жануарларының ауырып қалғаны туралы хабарлап қоңырау шалатындар да бар екен. Осылардың арасында жаңа жыл мерекесі күндері пиротехникалық бұйымдардан жапа шеккендер де бар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда Алматыда отшашулардан  жапа шеккендер саны анағұрлым аз болған. Шаһарда 54 адам жедел жәрдем шақырып, оның 7-уі ауруханаға жатқызылды.

Нұржан Исабеков, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:

Жарақаттар мына пиротехникалық өнімдерді қолданған кезде қолда ұстап тұрған. Ондайларды мына 5-ші ауруханаға жатқызғанда байқағанымыз, қолдары, беттері зақымданған. Сосын мына қатты жарылыс кезінде құлақ тіндеріне зақым келген. Алып қарағанда, былтырмен салыстырғанда, өткен жылмен салыстырғанда жеңілдеу екені байқалып отыр.

Қалалық денсаулық басқармасы үш жыл бұрын жедел жәрдем қызметін негізсіз шақыртатын азматтарға шара қолдану туралы Үкіметке ұсыныс жолдаған. Алайда нақты шешім қабылданбапты. Дәрігерлердің айтуынша, бұл қазынаға шығын әкеледі және  шынайы көмекке зәру ауыр науқастарға кесірін тигізеді.  Ендеше ақ халаттылар  қарапайым азаматтардан осы мәселеге түсіністікпен қарауын сұрап отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ