Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Көп қабатты үйлерге қазандық орнату ережеге сай емес

AstanaTV
06.01.2017ж. 20:00
2495
Көп қабатты үйлерге қазандық орнату ережеге сай емес

Елімізде көп қабатты үйлерге жеке қазандық орнатуға тыйым салынған. Автоматтандырылған жылу көздерін жобалау бойынша құрылыс ережелері мен арнайы нормаларда осылай жазылған. Қазақстандағы көпсалалы жаңарту және дамыту институтының сарапшылары осындай мәлімдеме жасады. Олар Шахандағы қайғылы оқиға дәл осы ережелердің бұзылуынан болғанына сенімді.

Жұмағұл Нұғыжынов, Қазақстанның көпсалалы жаңарту және дамыту институтының директоры:

Көп қабатты тұрғын үйлерге қазандықтар қоюға рұқсат берілмейді. Яғни ол үйде  қазандық болмауы тиіс еді. Үй құрылымының бұзылуына қарап, жарылыстың астыңғы жақтан шыққанын байқадық. Бірінші қабаттағы баспалдақтың асты жоғары қарай көтеріліп кеткен. Бұл дүмпудің жертөледен шыққанын білдіреді.

Сарапшылардың айтуынша, жарылған үйдің 3 подъезін сақтап қалуға баспалдақ сеп болған. Мамандар, оның құрылымы берік болғандықтан, қабырғалар бұзылмай қалған, дейді. Қазандықтың үстіндегі 3 бөлмелі 4 пәтер құлаған. Өзге 1 және 2 бөлмелі баспаналарды жөндеп, қалпына келтіруге болады екен. Құрылысшылар олардың аман қалған ішкі қабырғаларын қаптап, жылылау керек дейді. Құлаған 4-інші подъезді толығымен алып тастау жоспарланып отыр.

Еске салсақ, қаңтардың бірі күні түнде Шахан кентіндегі көп қабатты үйдің жертөлесінде орналасқан қазандық жарылып, салдарынан 9 адам көз жұмған болатын.