Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Оралда қатты көктайғақтың кесірінен қоғамдық көлік жүрмей қалды

13.02.2024ж. 20:00
403
Оралда қатты көктайғақтың кесірінен қоғамдық көлік жүрмей қалды

Оралда қатты көктайғақтың кесірінен қоғамдық көлік жүрмей қалды. Өйткені жаңбыр жауып, жол көк мұзға айналды. Тез байығысы келген такси жүргізушілері бағаны еселеп қымбаттатты. Аялдамада сағаттап автобус күткен қалалықтар жұмысқа кешігіп, мектепте сабақ тоқтады. Асығамын деп тайып құлап, аяқ-қолын сындырғандар көбейген.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Мынадай көк мұзда қарға адым жер жүрудің өзі мұң. Абайламасаң, тайып құлауың мүмкін. Бірақ мына жердің мұзы бізге өте ұнады. Жып-жылтыр, керемет, теп-тегіс екен. Әттең коньки жетпей тұр.

Көктайғақтың кесірінен жұрт жұмысына кешікті. Өйткені таңертең қоғамдық көлік мүлдем жүрген жоқ. Мектепте сабақ тоқтатылып, оқушылар онлайнға ауысты. Жолға топырақ себілгесін ғана көшедегі қозғалыс біртіндеп жанданды. Ал такси бағасы еселеп өскен. Мұны қалтасы көтермей, жұмысына жаяу жетуге асыққандар аяқ-қолын сындырып, ауруханадан бір шықты.

ТҰРҒЫН:

-Тайғақ өте қатты тайғақ. Жүре алмайсың. Жаңа құлағанда қолымды ауыртып алдым.
- Тайып құладым. Бүгін деген жаман күн деген. Сәпсем тайғанақ. Аялдамадан аса бергенде құладым.

Дәрігерлер де барынша сақ болуды ескертеді. Ауырып ем іздегенше, етігіңізге темір тағып алған жөн.

Алмас ЖАЛҒАСБАЕВ, БҚО КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қыстың күні көбіне тәулігіне бізге келетін адамдардың саны 15-40 аралығында. Бірақ та қазіргі соңғы екі сағаттың ішінде мәлімет бойынша 8-10 аралығында келген мұзға тайып жығылған адамдар саны 11. Екі сағаттың ішінде 11 адам қаралды, мен ойлаймын тәулік бойына көбейетін болады.

Айласын асырған пысықтар тайып жығылмаудың тың тәсілін ойлап тауыпты. Бұл үшін етіктің сыртынан шұлық кисе жеткілікті дейді. Әрі арзан, әрі сенімді.

Мұхтар ӨТЕСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Нәскиімнің размері менің 39 ғой. Мынау енді бәтеңкеге 41 керек. Өзім барып үлкен нәски сатып алдым, өзімде жоқ қой. Екі нәски сатып алдым, біреуін лақтырып тастадым, жыртылып қалды. Мұнда шақ келдім 6-ден бері қарай. Сосын тұз сатып алдым. Тіпті жақсы болды. Сеуіп-сеуіп жібересің, жабысып қалады табаныма. Ешқандай проблема жоқ, білмеймін жұрт неге шулап жатқанын.

Күн райының құбылуына байланысты өңірде тас жолдар жабылды. Ұшақтар да ұшпай жатыр. Жанталасқан жұрттың шұлық киіп, жан сақтағанын көрген саудагерлер де бағаны өсіріп жіберіпті.