$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте жеке үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды

AstanaTV
09.01.2017ж. 20:00
2452
Шымкентте жеке үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды

Шымкентте табиғи газбен жылытылатын тұрғын үйлердің барлығы кезектен тыс тексерілетін болады. Бұған демалыс күні шаһарда болған төтенша жағдай себеп. Жалдамалы пәтердердің бірінде жарылыс болып, бір адам қаза тапты. Апаттың себебі не? Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Оқыс оқиға жексенбіге қараған таңғы төрттер шамасында орын алған. Жарылыс менің артымдағы қос қабатты қосалқы ғимараттың төменгі бөлігінен шығыпты. Қазір мамандар апаттың нақты себебін анықтап жатыр.

Апат куәгерінің бірі - Нұрлан Төлегенов. Бір бөлмені жалдап тұрған азамат қатты жарылыстан отбасымен шошып оянғанын айтады.

Нұрлан Төлегенов, куәгер:

Мұндай жарылыстан, кім болсын, шошып оянатыны анық. Әйелім шатыр ұшқан шығар деді. Сыртқа шыққаным сол, қарсы есікте тұратын солдат жігіттің есігі ашық екен. Қарасам, оның бөлмесі мүлдем жоқ. Бірден түсіндім, соларда жарылыс болғанын.

Жарылыс аумағы 64 шаршы метрді құрайды. Бұл екі отбасы жалға алған бөлмелер. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар үйінді астынан төрт адамды аман құтқарып алды. Оның бірі - бесіктегі сәби. Сәтін салғанда, ол аман. Бірақ анасы оқиға орнында көз жұмған.

Қазір аурухада екі науқас жатыр. 20 жастағы қыздың денесінің 65 пайызы күйіп қалған. 58 жастағы тағы бір тұрғынның жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Сабит Байбосынов, Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Қойылған диагнозы - қосарланған ауыр жарақат. Бастың жабық ми жарақаты, мидың шайқалу диагнозы. Кеуде қуысының жабық жарақаты. Іш құрылысының жабық жарақаты. Талақтың жыртылуы, ішке қан кету диагнозымен жедел түрде науқасқа ота жасалды.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа газ қондырғыларын заңсыз қолдану себеп болуы ықтимал.

Сәкен Исмаилов, «Қазтрансгазаймақ» АҚ ОҚОФ бас инженері:

Газ қондырғысын дұрыс пайдаланбағандықтан болып жатқан жағдай. Енді оның қай газ құбырынан кеткені, болмаса газ қондырғысының ашық қалып қойған, басқа да жағдайы - комиссия қазір жұмыс істеп жатыр.

Ал ауласындағы пәтерлерді жалға беріп келген қожайын бәрі заңды дегенді көлденең тартты.

Аманбек Сәуірбаев, үй иесі:

Облыстық газдың рұқсаты бойынша, архитектураның рұқсаты бойынша, соның барлығымен схема арқылы кіргізілген нәрсе. Ол жаңағы барлығы өтірік, ойбай, осындай болып жатыр, осындай болып жатыр дегеннің бәрі өтірік, шлангы да ештеңе жоқ. Барлығы трубалардың бәрі көрініп тұр ғой, темірлерінің бәрі, трубаның бәрі көрініп тұр.

Болған жәйт өңір  басшысының жіті бақылауында. Оқиға орнында болған Жансейіт Түймебаев зардап шеккен екі отбасыға 100 АЕК бойынша, яғни 226 мың 900 теңгеден жергілікті қазына есебінен көмек беріліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек қосымша материалдық жәрдем тағы қаралады. Ал мұндай апат қайталанбас үшін шұғыл тапсырма берді.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Әр үйді жеке тексереміз. Қазір қалалық әкімшілікке тапсырма бердік. Себебі Шымкент қаласының ерекшелігі - 70 пайызына жуығы қазіргі жағдайда осындай жеке үйлер.

Айта кетейік, бір адамның өмірін жалмаған осы жәйтке байланысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Тергеп тексеру амалдары жүріп жатыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ