$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әке-шешем бізді немесе балаңды таңда деді

AstanaTV
17.02.2024ж. 11:17
855
Әке-шешем бізді немесе балаңды таңда деді

«Ана үйінде» тағдыр тауқыметке салса да бір –бірінен ажырамаған аналар мен олардың сәбилері тұрады. Сүрініп кетіп, сарсаңға түскен, барар жер, басар тауы болмай, жақындары жеріп, жар етем деген жігіті өңменінен кері итерген қыздарға ана үйі пана болып отыр. Мұнда бірі айы күні жетіп отырғанда келсе, бірі құндақтаулы сәбиімен келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Ақтау қаласындағы «Ана үйі» 2015 жылы ашылған. Содан бері 170 -ке жуық ана осы мекенде өз сәбиін бауырына басып өмір сүрген. Қазіргі таңда мұнда 6 ана сәбилерімен бірге тұрып жатыр. Олар төрт уақыт ыстық тамақпен, сәбилеріне сүт, басқа да керек -жарақпен қамтамасыз етілген. Мұнда жас аналарға медициналық, психологиялық көмек көрсететін арнайы мамандар да қызмет етеді. Еріктілер тарапынан жас аналарға тігін, кондитерлік, қолөнер т.б. салалардан шеберлік сыныптары өткізіліп тұрады екен. Біз барған "Ана үйінің" іші жинақы,таза, заттар ұқыпты жиналған. Ондағы жас аналар кезектесіп үй жинап, кезектесіп ас әзірлейді. Бірінің қолы тимей жатса, бір- бірінің сәбилерін бағысып көмектеседі. Өзара тату. Әңгімеге тартқан алғашқы кейіпкеріміз, 22 жастағы жас ананың бір айлық сәбиі бар. «Ана үйіне» келгеніне екі апта болған.

«Сәбиімді кеше қырқынан шығардық, баламды шомылдыруға, массаж жасауға осындағы медбикелер көмектеседі»,- дейді ол.

Той жасауға қамданып, үйленгелі жүрген жігіті қыздың аяғы ауыр екенін естігеннен кейін бойын аулақ сала бастаған. Жұмысын сылтауратып, басқаша мінез көрсетіп, қарым –қатынасты суытуға тырысқан. Бойжеткен түсік жасатпай, жігітінен жылы сөз күтіп, райынан қайтар деп үміттеніп жүргенде іште жатқан сәбиге де 9 айға жуық уақыт болып қалады. Жігіт біржола бас тартқанын айтқан кезде көз жасы көл болған бойжеткен болған жағдайды ата –анасына баяндайды. Алайда ата –анасы ол күткен жауапты айтпайды.

«Әке-шешем бізді не баланы таңда, ішіңдегіні балалар үйіне тапсырып қана кел, әйтпесе есіктен аттаушы да болма деді. Жолдан тапқан балаңның бізге қажеті жоқ дегендей қылды. Әке- шешем қабылдамаса, онда баламды өзім өсіремін деп шештім. 9 ай бойы жұмыс істедім. Босануыма 5 күн қалғанда жұмыстан шықтым. Сөйтіп босануға және сәбиге керек нәрселерді өзім жинаған ақшама сатып алдым. Босанғаннан кейін ақшам таусыла бастады. Ата –анама тағы хабарластым, олар баланы алып келуші болма, келсең өзің ғана кел деді. Мен дені сап- сау ұлымды жетім еткім келмеді. Бірақ үй иесі кезекті пәтерақыны сұратқанда сәбиімді құшақтап балалар үйіне бардым. Өйткені менде басқа амал болмады. Сәбиімді тапсыруға барғанымда ол жердегі апай маған «Ана үйі» деген бар екенін, сонда баруымды айтты. Сол апайдың айтуымен осында келдім», - дейді ол.
«Ана үйінің» үйлестірушісі Индира Әлімжанованың айтуынша мұнда әйелдерге барлық жағдай жасалған. «Шаруашылық тауарлары, дәрілер, сәбилерге арналған тағамдар, жөргектерден тапшылық болған емес»,- дейді ол.

Сондай-ақ тазалыққа да аса мән беріледі. Ол үшін арнайы кезекшілік ұйымдастырылады. Кешкі тоғыздан кейін сыртқа шығуға болмайды. Осылайша тәртіп пен тазалыққа бағынған әйелдер жылы жерде сәбилерін өсіріп жатыр.

«Бізге еріктілер көп көмектеседі. Олар қаржылай және моральды көмектер көрсетеді. Коуч психологтар келеді, олар жас аналарға тренинг өткізеді. Біз орталықта түрлі іс- шаралар өткізіп тұрамыз. Осында тұрып кеткен аналар әлі күнге дейін бізбен қарым -қатынас жасап тұрады. Біз олардың қалыпты, тұрақты өмірге көшкендерінше өздерімен байланыста боламыз. Олар өздері де ішке келіп, осындағы қыздарға өз бастарынан өткен қиын күндерін айтып беріп, өмірде жақсы нәрседен ешуақытта күдер үзбеулерін, өздері қиын шақтан қалай өткендерін, осы «Ана үйіне» келіп, көп нәрсе үйреніп, өмірге құлшыныстары оянып, түрлі оқыту курстары арқылы өздерінің қандай салаға бейім, икемді екендіктерін танығандарын айтып, тәжірибелерін бөліседі»,- «Ана үйінің» үйлестірушісі Индира Әлімжанова.

«Ана үйіндегі» әйелдердің әрқайсысының тағдыры әр қилы. Бірақ қандай жағдай болса да , кішкентай сәбилердің еш кінәсі жоқ. Осы орайда «Ана үйі» тастанды балалар санын көбейтпеуге, түсік санының азаюына қанатымен су сепкен қарлығаштай өз септігін тигізіп отыр.