Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады: конституциялық құндылықтарды дәріптеу, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және елді болашаққа бастау.
Стратегиялық бағыттың басымдықтары ғылым мен технологияларды дамытуды, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуды қамтиды.
1. Конституциялық құндылықтарды дәріптеу Заңның үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық келісім, еңбекқорлық және жауапты патриотизм Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының стратегиялық бағытының негізі ретінде белгіленді.
Салалық органдарға Президенттің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі жоспарды орындауға баса мән беру тапсырылды. Осы қағидаттарды кеңінен насихаттау бойынша жүйелі ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізіледі.
2. Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру Екінші басымдық – қоғамда прогрессивті мінез-құлық нормаларын орнықтыру және қоғамның кері кетуіне (архаизацияға) қарсы тұру. «Заң және Тәртіп» қағидатын, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын және «Таза Қазақстан» экологиялық жобасын жүзеге асыруға ерекше басымдық берілген.
«Жұмыстың жаңа тәсілдері мен форматтары қажет. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда іске асыру керек», — деп атап өтті Вице-президент.
3. Адам капиталын дамыту және болашаққа ұмтылыс Үшінші бағыт білім, ғылым, инновациялар және цифрландыруды дамытуға шоғырланған. Негізгі бағдар басты мемлекеттік бастамалар арқылы айқындалған:
«Қазақстан балалары» — өсіп келе жатқан ұрпақты қолдау және дамыту;
«Оқитын ұлт» — ағартушылық пен мәдениет деңгейін көтеру;
«Digital Qazaqstan» — цифрлық шешімдер мен технологияларды енгізу.
Бұл үш бағыттың барлығы прогрессивті қоғам мен күшті мемлекеттің даму бағдарын айқындай отырып, жасампаз күн тәртібін қалыптастырады.