Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайлауға түсетін 9 кандидатты тіркеді

AstanaTV
02.03.2016ж. 20:00
2020
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайлауға түсетін 9 кандидатты тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы  Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайлауға түсетін кандидаттарды тіркеді. Бұған дейін ассамблеядан 9 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған болатын.  Бүгін Орталық сайлау комиссиясында оларға кандидаттарды тіркеу куәліктері тапсырылды. Сондай ақ сайлауға  ассамблея атынан түсетін кандидаттардың әрқайсысына бюджеттен 630 мың теңге бөлінетіні белгілі болды. Еске салайық, Қазақстан халқы Ассамблеясы наурыздың 21-де кезекті сессиясын өткізіп, өз арасынан депутаттар сайлайды. 

Сауытбек Әбдірахманов, "Егемен Қазақстан газеті» АҚ президенті,  ҚХА атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер: 

Ассамблея Қазақстан халқының топтастығы, этносаралық келісім  тұрғысында үлкен жұмыстар атқаратын конституциялық орган. Осы органның жұмысын Парламентте ілгерілету, осы мәселелерді қадағалау бойынша үлкен міндет жүктелер болса, ассамблея сессиясы бізге сенім көрсетер болса, сол сенімді абыроймен ақтауға дайынбыз деп айта аламын.

 Ал бүгінге дейін бас аяғы 45 елден 287 халықаралық байқаушы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелді. Оның ішінде 44 байқаушы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бюросының, 111 байқаушы ТМД миссиясының өкілі. Ислам ынтымақтастық ұйымынан 3, 8 шет мемлекеттен 17 байқаушы бар.  Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 14 наурызда аяқталады. 

Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі: 

Халықаралық байқаушылар мен Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген журналистердің сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға, сайлау комиссияларының мүшелеріне өз байқаулары, анықталған бұзушылықтар туралы хабарлауға, ұсынымдар енгізуге, жария өтініштер жасауға құқығы бар. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА