$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұрғын үй басқармасы: Пәтер иелері кооперативі қаржыны тек тұрғындардың рұқсатымен жұмсауы тиіс

AstanaTV
11.01.2017ж. 20:00
3715
Тұрғын үй басқармасы: Пәтер иелері кооперативі  қаржыны тек тұрғындардың рұқсатымен жұмсауы тиіс

Пәтер иелері кооперативі жиналған қаржыны тек тұрғындардың рұқсатымен ғана жұмсауы тиіс. Ал үй шаруашылығына кеткен әрбір тиын ысырап болмауы үшін қаржының 50 пайыздан астамын әкімшілік шығындарға жұмсауға тыйым салынуы керек. Алматы әкімдігіне қарасты тұрғын үй басқармасы Парламентке осындай ұсыныспен шықты. Тек бұл қадам айтылған жерде қалмай, заңды күшіне енсе дегенді заңгерлер құптап отыр. Айгүл Ермахан жалғайды.

Сәрсенбай Тәжібаев Алматыдағы мына төрт қабатты ескі үйде 50 жылдан бері тұрады. Тозығы жеткен үйде бір жөндеу жұмысы жүргізілмегенін айтады. Құбырлар шіріп тұр, ал жаңбыр жауса, шатырдан су сорғалайды, дейді.

Сәрсенбай Тәжібаев:

Трубалар шіріген. 55 жылғы вентельдер ашылмайды. КСК председателі Сержан деген, сұранып заявка берсең де, менять етпейді.  Бір сөзбен айтқанда, неудовлетворительно. Ай сайын ақша төлейміз.

Өткен жылы Тұрғын үй басқармасына пәтер иелеріне көңілі толмаған халықтан 3 мыңға жуық арыз-шағым түсіпті. Тұрғындар жиналатын қаржынының қайда жұмсалатынын біліп отырға ниетті екен. Сондықтан жергілікті атқамінерлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет деген ұсыныс көтерді. Сонда жиналатын қаражат пен жөндеуге қажет шығындарды дәл анықтауға болады дейді. Заңгерлер де мұны қолдап отыр.

Жандос Қайырханов, Алматы қаласы тұрғын үй басқармасы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

100 пайыз қаржының 80 пайызы бұл әкімшілік шығындар болса, 20 пайызы үйді күтіп ұстауға кететін шығындар. Осы заңнаманың енгізілуіне бір себеп 50 пайыздан аспасын деген ұсыныс бердік. КСК  басшыларының жауапкершілігін арттыру себеп болды.

Сергей Уткин, заңгер:


Пәтер иелері кооперативі басшылары ақша табатын жерді тауып алған. Сондықтан бұл аталған өзгерістер заңнамаға енгізілсе, қаржыны жұмсауда ашықтық болады. Ақшаны пәтер иелері кооперативінің басшысы мен есепшісін асырауға емес, тұрғын үйдің керегіне жұмсау қажет. Мен бұны қуана-қуана қолдаймын. 

Қазір шаһарда 8 жарым мың көппәтерлі үй бар. Оларда 800 пәтер иелері кооперативі жұмыс істеп келеді. Әр кооператив жөнсіз ақша жинайды дегенмен «Пәтер иелері кооперативі» қауымдастығының төрағасы келіспейді.

Шамиль Меңдіғалиев, «Пәтер иелері кооперативі» қауымдастығының  төрағасы:

Тұрғын үйді жақсы күтсін десең, ақшасын төле. Қазір пәтердің шаршы метріне 30 теңге төлейді. Ол, әрине, аз. 40 теңге болуы керек. Кейбір тұрғын үйлерде тұрғындар шаршы метріне 12 теңге төлейді. Оны неге жеткізесің? Мысалы, 80 теңге төлейтін тұрғындар бар. Олардың есігінің алдында раушан гүлі жайқалып тұр.  Ал 12 теңгеге не істеуге болады?

Айгүл Ермахан, тілші:

«Тұрғын үй қатынастары» заңына 1997 жылдан бері еш өзгеріс енгізілмепті. Енді сарапшылар көп қабатты тұрғын үйлерге жауап беретін мекеменің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында заңнамаға 29 өзгерту ұсынды. Олардың ішінде кооперативтердің есепшотындағы қаржыны қадағалаудан бастап, бұл мекемелердің төрағаларының қызмет өтілін 3 жылға дейін қысқарту туралы жаңашылдықтар бар. Өзгеріс  күшіне енсе, пәтер иелері кооперативіндегілер ақшаға қол салу әдетін тыяды деп сенеді. 

Айгүл ЕРМАХАН