$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО-да 147 елдімекенді су басу қаупі бар

27.02.2024ж. 20:00
566
БҚО-да 147 елдімекенді су басу қаупі бар

Батыс Қазақстан облысында 147 елдімекенді су басуы мүмкін. Бұл ауылдар қазір ерекше бақылауға алынған. Өйткені топырақ қабатындағы ылғал көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштен 133% жоғары. Бұл жағдай мамандарды алаңдатып отыр. Өзге өңірлерде де проблема бар. Ол туралы тілшілеріміз толығырақ айтады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

- Төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, жағдай қиындаса жергілікті тұрғындарды уақытша паналатар қауіпсіз орындар дайын тұр.Тілсіз жаудың қатерін ел-жұртқа күні бұрын ескертуге еріктілер де жұмылдырылған.

Аймақтағы суқоймалардың да жағдайы мәз емес. Деркөл, Өлеңті, Шідерті өзендеріндегі ылғал қоры жылдағыдан екі еседей көп, дейді төтеншеліктер. Қыс бойы облыс аумағынан 626 мың текше метр қар шығарылып, жиналған су кедергісіз ағып кету үшін 239 шақырым арық тазаланған.

Қанат ҚАРАБАЛАЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 Қауіп төнетін елді мекендердің халықтарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұз жару жұмыстарына бүгінгі таңда департамент тарапынан келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда 26 учаскені жоспарлап отырмыз. Келесі аптадан бастап тиісті жұмыс жүргізілетін болады.

Төтеншеліктер 32 мыңдай қапшықты құмға толтырып, арнайы техника мен қажет құрал-жабдықтарды дайындап қойдық деп сендірді. Қызыл сумен күреске жеке құрамның 305 адамы әзір отыр. Бұл жедел топтар сын сағатта көмек қажет аудандарға аттанады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бүгінде өңірдегі барлығы 100-ге тарта авто және теміржол учаскесі, гидротехникалық құрылыс бақылауға алынған. Жағдайға ғарыштан мониторинг жасап, егер қажет болса, тікұшақ көмегіне жүгінеміз дейді төтеншеліктер. Өзгеріс, сіздерді де қызыл су сарыуайымға салды ма?

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Иә, бізде де 43 елдімекенге тасқын қаупі төніп тұр. Бұған биыл қардың мөлшерден тым көп түсуі себеп болған.

Бәрінен де жердің қатып қалуы қиындық тудырды. Тоң жібімей қар жерге сіңбейді. Қазір аймақтың оңтүстігінде тоңның қалыңдығы 70-80 сантиметр болса, солтүстігінде тіпті 2 метрге жақындаған. Сондықтан да қауіп -қатер тым жоғары.

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Екібастұз өңірінің Қоянды және Бәйет ауылдарында тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Қазгидрометтің облыстық филиалының деректеріне сәйкес өткен жылмен салыстырғанда жауған қар 50 пайызға артық және айлық нормадан 57,9 жоғары. Қар жамылғысының биіктігі нормадан 40 пайызға артық.

Қауіптің ең жоғарғы көрсеткіші Баянауыл ауданында. Мұнда 17 елдімекенді су басу қаупі бар.

Шакир АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Мұндағы қауіп Ащысу өзенімен тікелей байланысты. Нақты айтқанда Қарағанды облысымен шекара аумағында орналасқан Ақжар, Қаратоқа су бөгеттері су толған кезде оның барлығы өңірдегі Баянауыл ауданына қарай ағады. Содан қауіп күшейеді. Қазір алдын алу шараларын жасап жатырмыз.

Төтеншеліктерге тасқынға сақадай саймыз - деп отыр. 600-ден астам техника, 42 қайық пен 198 су сорғызу құралы дайындалған.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазгидромет мамандары наурыз айында да қар мен жауын шашын мөлшері көп болатынын айтады. Сондықтан босаңсуға болмайтынын ескертеді.