Қарағанды облысында газ баллонының жарылуы жиіледі. Соңғы екі айда осындай 6 оқиға орын алған. Төтенше жағдайларға газды немесе құрылғыны дұрыс пайдаланбау себеп болған. Салдарынан 4 адам қаза тапса, 7 адам күйіп қалған. Жиілеп кеткен апаттар жайлы Айжан Қуаш айтады.
Газ баллоны алдымен Ботақара кентінде жарылып, салдарынан ерлі-зайыптылар мен өзбекстандық азамат қаза тапты. Теміртауда дүкенде газ қоспасының таралуынан тағы да апат болып сатушы ажал құшты. Одан кейін Қарағандыда жеке секторларда бірінен соң бірі екі төтенше жағдай тіркелді. Оқиғалардың нақты себебі анықталып жатыр. Дегенмен төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, апаттар қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болған.
Аманбек БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл газ баллондарын толтыру кезінде арнайы жасақталған станцияларда толтырылмайды. Мынау қала аудандарда орналасқан автокөліктерге газ құю станцияларында толтырылады. Бұл жерлер арнайы жабдықталмаған.
Мына үйде де сонау 1970 жылғы газ баллоны жарылды. Салдарынан қожайыны мен көршісінің баласы күйіп қалған. Қазір ауруханада жатыр. Қабырғалас екі үй қираған. Жеке секторға табиғи газ тартылмаған. Тұрғындар токты үнемдеу үшін баллонды ғана емес газ пештерін де қолдануға мәжбүрміз,- дейді.
Наталья ОСТРОВСКАЯ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күн суық, кім неге шамасы келеді сонымен жылынады. Жылытқыш, газ қосады. Біз пеш жағамыз. Тамақты газға пісіремін.Өзім қосуға қорқамын, сондықтан тапсырыс беріп әкелтіп аламын.
Қарағандыда үйлерге табиғи газ толық жете қойған жоқ. Алдағы екі жылда Таугүл, күнгей аудандарын қамту жоспары бар. Ал қалған аудандарға әлі қаржы да бөлінбеген. Бүгінде қалада 6 мыңға жуық үйге ғана табиғи газ тартылған. 293- і газгольдерлермен жылынады. Сондай- ақ 805 көпқабатты үй орталық газға қосылған. Қондырғылардың қауіпсіздігін тұрғын үй инспекциясы бақылайды. Жергілікті әкімдікке қарайтын мекеменің тікелей пәтерлерге кіріп баллондарын тексеруге заңды құқы жоқ. Сондықтан тек шағым түскен жағдайда ғана қарай аламыз,- дейді.
Тамерлан ӘБІЛҚАСЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Осы жылы мобильді топ 17 рет пәтерлерді аралап, алдын алу шараларын өткіздік. Тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, ескерттік. БАҚ , әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар таратылды. Егер кімде кім 2 қабаттан жоғарғы үйлерде газ баллондарын пайдалану фактілерін көрсе, дереу бізге хабарласып арыз жазумен қатар фото, видеолармен дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана тексере аламыз.
Қазіргі таңда биыл болған төтенше жағдайларға қатысты тергеу аяқталған жоқ. Ал былтыр осындай 75 оқиға тіркеліпті. Олардың барлығы қауіпсіздіктің сақталмауынан орын алған.