Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

"Микрокредитті қайтармауға болады", - заңгер

28.02.2024ж. 20:00
421
"Микрокредитті қайтармауға болады", - заңгер

Микроқаржы ұйымынан алған несиені қайтармауға болады. Желідегі заңгерлер халыққа осындай кеңес беріп жүр. Ол үшін әлгі юристердің өзіне теңге ұстатуың керек. Ақшасын берсең, несиені төлемейтіндей жағдай жасайды. Коллекторлармен күресуді де үйретеді. Бұл мүмкін бе? Қарыз шынымен кешіріле ме? Тығырықтан шығу үшін қандай әрекет керек? Аружан Задабек рет-ретімен түсіндіреді.

Елімізде екінші деңгейлі 21 банк бар. Былтыр қаржы ұйымдары 30 трлн теңгеге несие рәсімдеді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25%-ке көп. Қазір азаматтар 13,9 трлн теңге берешек. Оның 797 миллиарды коллекторлық компанияларға өтіп кеткен.

Думан БАЗАРБЕКОВ, ҚҰҚЫҚТАНУШЫ:

Бұның барлығы жауапкершіліксіз. Өзіңіз біреуге қарыз беріп, «жоқ, қайтармай-ақ қой» деп айта аласыз ба? Микрокаржылық ұйымдарға «міне,500 мың бес айдан кейін қайтарасыз» деп айта аласыз ба? 5 айдан кейін "қайтармай-ақ қойыңыз" деп айта аласыз ба? Айта алмайсыз.

Борышкердің дерегі коллекторлық компанияға өткеннен кейін не болады? Алдымен өзіңізге хабарласады. Тұтқаны көтермесеңіз туған-туысыңызды түгендейді. Артынша жұмыс орныңызға хабарласып, шара қолдануын сұрайды. Намысқа тиеді. Жерден алып, жерге салады. Қысым жасау арқылы ақшаны өндіруге тырысады.

Хабарлама қалдырған – коллекторлық компания қызметкері. «Анаңызды темір торға қамаймыз» деп баласын қорқыттты. Бұл - заңсыз. Біріншіден, ешкім қарызың бар деп, бірден түрмеге қамай алмайды. Екіншіден, қызметкердің дәл осылай қоқан-лоқы көрсетуіне хақысы жоқ. Коллекторларға талап күшейтілсе де, клиенттермен осылай сөйлесетіндер азаймай тұр. Олардың үстіне соңғы екі жылда мыңға жуық арыз түскен.

Рауан ЕСБЕРГЕНОВ, ЗАҢГЕР:

Коллектор айтты соған төледім, коллектор былай деді, коллектор график жасап беремін деп айтты деп. Бізге мынадай адамдар көп хабарласады. Кепілдік беріп адамдарға жүгінген. Біраз ақшасын төлеп тастаған. Бірақ таба алмай қалып жатырмыз.

Шыны керек, қазір желі ашып қалсаң, «қарызым бастан асады, несие қашан қашады?» деген жазба көп. Кредиттің күліп келіп, жылатып қайтатынын ұқпаған жұрт қазір шығар жол таппай тентіреп жүр. Сөйтіп оларға «Аңқау елге – арамза молда» секілді арест шешімін, график қойып беремін деген білімі жоқ заңгерлер көмекке келеді. Ондайлардың жарнамасы желіде өріп жүр.

Олардың дегені өтірік деуден аулақпыз. Иә, заң бойынша займды төлей алмасаңыз график қоюға болады. Тек 100 процент кепілдік жоқ. Оны компанияның өзі шешеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

График қою үшін біреуге ақша төлеп, заңгер жалдаудың қажеті жоқ. Жай ғана осындай ақ параққа өзіңіздің өтінішіңізді жазасыз. Міне, үлгісі. Алдымен аты-жөніңізді, қай банктен қашан, қанша қаржы алғаныңызды көрсетесіз. Не себепті төлей алмай жүргеніңіздің себебін жазып, ұсыныс тастайсыз. Қосымша мүмкіндігіңіздің жоқ екенін растайтын құжатты да өткізген жөн.Жақын жердегі филиалға қағаздың екі көшірмесін апарып беру керек. 15 күннің ішінде жауап береді. Электронды түрде тапсыруға да болады. Осы үшін заңгерге 50 мыңдап теңге берудің қажеті жоқ.

Енді желіде тараған барлық микрокредит кешіріледі деген жазбаға тоқталайық. Бұл нақты ақпарат емес. Борышкердің қарызын кешіру-кешірмеу компанияның құзырында. Оны ешқандай заңгер қанша ақша берсең де шешіп бере алмайды.

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Біз бұл мәселемен қоғамның алдындағы масылдықтан арылмаймыз. Мұнын алдында да осындай мәселелер орын алып, ол кезде де бірақ несиелер кешірілген еді. Енді біз осы шара арқылы жеке тұлғаның, заңды тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігін біз азайтамыз.

Сондықтан желідегі кез-келген ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Әркім өз құқығын өзі ғана қорғайды. Коллекторлар тек таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін аптасына үш рет қана қоңырау шалуы тиіс. Егер этиканы бұзса арыз жаза аласыз. Оған сай коллекторларға миллион теңгеден аса айыппұл салынуы мүмкін. Бірақ бұл қарыздан құтқармайды. Кредит қайтуы керек. Алмақтың да салмағы болады.