Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 75% - әйел

AstanaTV
04.03.2024ж. 20:00
356
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 75% - әйел

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 75 пайызы - әйел. Оның жартысынан көбі- көпбалалы аналар. Партия ұсынған жоба аясында бұл әйелдер қаржылық жағдайын жақсартуда. Оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарлануда.

«Қарызсыз қоғам» жобасына күдікпен қарайтындар көп. Солардың қатарында түркістандық көпбалалы ана Айнұр Есенова да болды. Алғашқыда сенімсіздік танытып жүрген ол жобаның оқыту курсынан кейін отбасылық бюджетті дұрыс басқарып, табысын арттырған.

Айнұр ЕСЕНОВА,  «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Ауылдастарымнан сүт сатып алып, кұрт-май жасап сатамын. Соның арқасында бірнеше берешегімнен құтылдым. Салып жатқан жаңа үйіме бірнеше материал алдым. Қазір «Ауыл аманаты» бойынша 4 млн 400 мың теңге алып, 8 бас ірі малын алып, кәсібімді дөңгелетіп жатырмын.

Ұлболсын Сейітқазиева- ел нарығындағы «Әулетті» өмір сақтандыру компаниясының Алматы облысындағы өкілі. Ол былтыр жобаға қатысып, қазіргі таңда халыққа әлеуметтік сақтандыру арқылы қор жинап, қарыздан шығудың тиімді жолдарын түсіндіріп келеді.

Ұлболсын СЕЙІТҚАЗИЕВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Өмірін сақтандыра отырып, өзінің бала-шағасына депозит жинап, балаларын қарызға кірмей, банктің кредитіне кірмей, өздерін оқытып шығаруға мүмкіндік беріп жатырмыз. +300 мыңға дейін адамды сақтандырдық. Әрбір облыстарда біздің өзіміздің агенттіктер бар. Әсіресе, медицина саласында көп сақтандырылып жатыр.

Қостанайлық Гүлсара Жаманқұлова несие алып, қарызға белшесінен батқандарды «Қарызсыз қоғам» жобасы құтқаратынына сенеді. Несиені адам жайдан-жай алмайды. Қандай да бір қиын жағдайға түскен соң қарызға кіреді, дейді ол.

Гүлсара ЖАМАНҚҰЛОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Микронесие ұйымдарынан 20-30 мәртеге дейін қарыз алатындар бар. Ал мұндай жылдам ақшаның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 900-ден 1300 процентке дейін барады. Бұл сұмдық қой. Алдағы уақытта «Қарызсыз қоғам» жобасы халықты қанайтын істерге тоқтау болады. Сондай-ақ кешіктірілген несиелерді коллекторлық компанияларға сату ісін тоқтататын күн де алыс емес.

Жетісу өңіріндегі 50 көпбалалы ана бірігіп «Ұмай» кооперативін құрған. Олар жол бойындағы қызмет көрсету саласын дамытуға өз үлестерін қоспақшы.

Салтанат ӨТЕШБАЕВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Мұнда тамақтану орны, көлік дөңгелегін жөндеу орталығы, кір жуу және қонақ үй қызметі болады. Шағын модульдік жоба бірнеше ауылдық округті қамтиды. Сондай-ақ кооператив мүшелері табыс табады. Біршама жұмыс орындарын ашамыз.

«Қарызсыз қоғам» жобасының курсынан өткен түлектері бүгінде өз кәсіптерін ашуда. Сондай-ақ басқаларға да қарыздан құтылуға көмек көрсетеді.