Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Сейсмологтар Алматы аумағында күшті жер сілкіністері 70% ықтималмен күтілмейтінін айтты

04.03.2024ж. 20:00
353
Сейсмологтар Алматы аумағында күшті жер сілкіністері 70% ықтималмен күтілмейтінін айтты

Бүгін Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстігіне қарай 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Қазір қалада жағдай тұрақты. Дегенмен, сейсмолог мамандар алдағы уақытта әлсін-әлсін афтершоктар болуы мүмкін деп отыр.

Жер сілкінісі сағат түскі 11- лерде тіркелді. Бір ай бұрынғы дүмпуден ес жиып үлгермеген тұрғындардан тағы тыныштық кетті. Зәре-құты қалмаған олар жалма – жан жиналып, баспаналарын тастап, жапа - тармағай қаша жөнелді. Жоғарғы оқу орындары мен ғимараттардан халық эвакуацияланды. Төтеншеліктер өткеннен сабақ алмаған сияқты. Өйткені бұл жолы да дабыл кеш берілді, хабарландыруды уақытында алған жоқпыз дейді алматылықтар.

Ажар ҚАРЛЫБЕК, СТУДЕНТ:

Қорқыныш болды, әрине. Сабақ енді ғана басталған кез болды. Сол сәтте ақырын тербеліс басталды да, кейін қатты дүрс ете қалды дегендей. Паника, қолымыз бәрі дірілдеп, далаға жүгіріп шықтық. Негізінде бұл жағдайда бір сұрақ қана: неге бізге сообщениелер келмейді алдын ала? Себебі өте қатты қорқынышты жағдай. Құрылыс құлап қалса, шыға алмай қаламыз ғой.

Ал төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, қалада 843 дабыл іске қосылған. Қазір Алматы қаласында, Жетісу және Алматы облыстарында жедел штаб жұмыс істеп тұр.

Рустамбек АМРИН, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Дабыл жер сілкінісі кезінде беріле бастады. Айта кету керек, дабыл халықтың назарын аудару үшін іске қосылады. Сондай-ақ -теле,-радиоарналар арқылы да хабарландырулар берілді. Бұдан бөлек дауыстық хабарлау жүйесі де тиісінше іске қосылған дейді. СМС - хабарламалар да жіберілді. Ол баршаға бір уақытта жетпейтінін ескеру қажет.

Жер сілкінісіне кейбір ғимараттар төтеп бере алмады. Бірқатар тұрғын үйге сызат түсіп, қабырғалары опырылған.

Қаладағы 400-ге жуық қабылдау пунктіне 1000-нан астам адам жүгінген. Солардың бірі – Ульяна Салапаева. Бойын үрей билеген әйел ойланбастан қауіпсіз жерді паналауға бел буыпты.

Ульяна САЛАПАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жер сілкінісін таңғы ас әзірлеп жатқан кезде сездім. Қатты қорықтым. Менің ойымша, бұл қаңтарда болған сілкіністен де қатты болды. Дүмпулер басылған соң, бірден ең жақын деген пунктке келдім. Бұл жерде қажетті нәрсенің бәрі бар. Қауіпсіз жерге келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жер сілкінісі кезінде 18 жастағы тұрғын құлап қалып, зардап шеккен. Оған табан буыны мен табанның соғылуы және созылуы диагнозы қойылды. Қазір науқас амбулаторлық емделуге жіберілді. Сондай-ақ бүгін оқушылар мен колледж студенттері 2-ауысымдағы сабақтардан босатылды.

Аяжан, СТУДЕНТ:

Бір-бірімізді жинап, далаға шығарып, кімде паника болды, успокоить етті. Сабағымызды отменить етті. Үйге қайтамыз. Бірден далаға шықтық. Қатты жер сілкінісі болды. Қабырғаларымыз түсіп кете жаздағандай болды.

Сейсмикалық бақылау мен зерттеу Ұлттық ғылыми орталығы сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссия құрды. Сейсмолог мамандар алдын ала жер сілкінісі болатыны жөнінде дәлме-дәл болжам жасау мүмкін емес екенін айтып отыр. Дегенмен, алдағы уақытта әлсін-әлсін дүмпулер, яғни, афтершоктар болуы ғажап емес дейді.

Нұрсәрсен ӨЗБЕКОВ, ҚР ТЖМ СЕЙСМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз сейсмикалық өте қауіпті аймақта тұрамыз. Сондықтан да сілкініс ошақтары не болмаса жер сілкіністері – ол кез келген басқа ошақтарда туындауы мүмкін. Ол үшін басқа ошақтарда да сілкініс жағдайын, сейсмологиялық ахуалын қадағалау қажет. Қазірше қолымызда бар деректер бойынша ондай алаңдайтын абыржу туғызатындай дәйекті деректер жоқ.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, Алматы аумағында жақын арада күшті жер сілкінісі болмайды. Ықтималдылық-70 процент. Сейсмикалық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы бақылауды жалғастырады.