Алматыда ертең қалың қар жауады. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«13 наурызда түнде Алматыда, сондай-ақ таулы аймақтарда қатты жауын-шашын, жаңбыр, қар күтіледі. Таулы аймақтарда солтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 метрге дейін жетеді», - деп ескертті департаменттен.
Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтап, тауға барудан бас тартуға шақырды.
– Таулы аймақтарға серуендеуді ауа райы қолайлы болғанша кейінге қалдырған дұрыс.
– Үйге қайтуды кешке қалдырмаңыз, қайта жол таба алмауыңыз мүмкін.
– Рюкзактарыңызда мыналар болуы керек: жылы киімдер, төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсетуге арналған қобдиша және GPS навигаторы.
– Тауға жалғыз шықпаңыз.