Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астана аспанын басқан түтін жел тұрған жағдайда сейіледі - «Қазгидромет»

AstanaTV
17.01.2017ж. 20:00
2190
Астана аспанын басқан түтін жел тұрған жағдайда сейіледі  - «Қазгидромет»

Аспанды торлаған көк түтін Астана тұрғындарының мазасын кетірді. Таңғы мезгілде түтін аралас қою тұман көліктердің жүруіне кедергі жасады. Ал ауадағы күйіктің иісіне ұқсайтын жағымсыз иістен елордалықтар тұмшаланып жүруге мәжбүр. «Қазгидромет» орталығы мамандары қалада орналасқан стационарлық бекеттерде ауаның жоғары деңгейдегі ластану көрсеткіші тіркелмегенін айтып отыр.

Зәуреш Абдиева, «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг басқармасының басшысы:

Ауаның температурасы жоғарылады. Жел жоқ. Қазір, өздеріңіз байқағандай, мүмкін, барлық жергілікті жерлерде, үйлерде от жағып жатыр. Содан да болуы мүмкін. Өйткені зат алмасу процесі болып жатқан жоқ қой. Егер жел болса, желмен бірге жайылып кететін еді.  

Әншейінде, үздіксіз соғатын желден шаршадық дейтін астаналықтар үшін Сарыарқаның самалы кешелі бері арманға айналып үлгерді. Мамандар ластанудың көрсеткіші қалыпты деңгейде десе де, қарапайым халық мұнымен келіспейтін сыңайлы.

Демалу қиын. Мынадай кір ауада жүру сұмдық қой. Айналаның бәрі түнеріп кетті. Таңертең тіпті қорқынышты болды. Денсаулығымыз сыр бере ме деп қорқамыз. 

Жылына 1-2 рет болады ғой осындай көк түтін. Жел соқса, ауа тазаратын шығар.