Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеліктер ауласындағы қарды шығару үшін ақша төлеуге мәжбүр

AstanaTV
17.01.2017ж. 20:00
2676
Ақтөбеліктер ауласындағы қарды шығару үшін ақша төлеуге мәжбүр

Қалтаны қаққан қар. Ақтөбеліктер ауласындағы қарды қала сыртына шығару үшін ақша төлеуге мәжбүр. Ал қарды жол бойына немесе жаяу жүргіншілер жолағына үйіп қойсаңыз, 20 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Қазірге дейін 85 хаттама толтырылып, 25 тұрғынға қаржылай шара қолданылған. Жақсыбек Кемал баяндайды.

Сәлкен Бекбаулин қаланың «Құрмыш» ауданында 15 жылдан бері тұрып келеді. Көшелері тар болғандықтан, ауласындағы қарды жол бойына шығара алмайды, шығарса, айыппұл төлеуге мәжбүр. Ал, ақылы қызметті пайдалануға зейнеткердің қалтасы көтермейді.

Сәлкен Бекбаулин, қала тұрғыны:

Келіп, тракторлар тұрып алады. Көшеге шығарсақ, проезжая частьті жаптың деп, штраф салады. Оны алып кету үшін әр машинаға 5 мың теңге деп жатыр. Қиындықтың үстіне, қиындық.

Ал шаһар басшылығы мұндай мәселелер ескерілген деп отыр. Айтуларынша, зейнеткерлер мен жағдайы жоқ тұрғындарға тегін қызмет көрсетуге әзір. Ол үшін әкімшілік пен мердігер мекемелер арасында арнайы келісім де бар екен. Көлік жүргізушілері тұрғындардың шақыртуларына барынша үлгеріп жатқандарын айтады.

Өмірсерік Төлеуов, тазалыққа жауапты мекеменің көлік жүргізушісі:

Жеке үйлерден 5 мың теңгеге шығарып береміз. Обедке дейін бір рейс, обедтен кейін бір рейс, халықтың айтуы бойынша. Старший мастерге айтады, старший мастер бізге айтады. Барып шығарамыз. Қарсы емес, полигонға апарып, қайтып келеміз. Күніне 5-6 рейс болсын, баруға болады.

Қазір облыс орталығында арнайы мобильді топ жұмыс істеуде. Бұл топ жеке үйлерден бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының алдында үйінділердің болмауын және қарды полигондарға уақытылы шығару жұмысын қадағалайды. Ал, ереже бұзғандар айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

Айыппұл салынады. Ол жаяу жүргінші жолының үстіне немесе машина жолына үйіп қойған қарларға. Сонымен қоса мынадай жағдайлар олуы мүмкін, біздер қарды шығарып кетеміз, ертеңіне қарды үйіп қояды есігінің алдына. Сондай кезде, әрине, қарастырылады. Басқарушы компаниялармен және сол ауданға белгіленген учаскелік инспектормен.

Ақтөбеде қаланы қардан тазарту жұмыстарына 24 бригада, 260 арнайы техника тартылған.  Жұмыстың сапасын бақылау мақсатында көліктерге GPS орнатылыпты. Белгіленген 6 полигонға қыс басталғалы 120 000 текше метрдей қар шығарылған. Дегенмен, ауласына жиналған қарды шығару жұмысы жер үйлерде тұратындардың бас ауруына айналып қала беретін секілді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Соңғы бір айдың өзінде қар жылдағыдан үш есеге көп түскен. Әлі қыстың жартысы барын ескерсек, тұрғындардың тағы көп шығындалып, әуре-сарсаңға түсетін түрі бар.

Жақсыбек КЕМАЛ