$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкенттіктердің жылусыз қалу қаупі бар

AstanaTV
18.01.2017ж. 20:00
2228
Шымкенттіктердің жылусыз қалу қаупі бар

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлер мен бірқатар мекемелер жылусыз қалатын түрі бар. «ҚазТрансГазАймақ»  компаниясы қаладағы негізгі жылу өндіруші ұйым «ЭнергоОрталық-3» мекемесіне беріп отырған көгілдір отынды тоқтатуға ниетті. Аталған компания әкімдікке осындай ұсыныс хат жолдаған. Бұған себеп - жылу орталығының газ таратушылар алдындағы қордаланған қарызы 1 млрд 800 млн теңгеге жеткен. Жылыту маусымы басталған соңғы үш айдың өзінде тұрғындар 550 млн теңгенің жылуын пайдаланыпты. Бірақ  тұтынған жылудың бар болғаны 22-23 пайызына ғана төлем жасалған. Газ таратушы мекеменің өкілдері бұған дейін де бірнеше рет ескерту жасағандарын айтып отыр. Мәселен, қаңтар айының өзіне жылу өндірушілер  265 млн  теңгенің газын тұтынған. Алайда төленген қаржы мардымсыз.

Асқар Шипеков, «Қазтрансгазаймақ» АҚ ОҚФ сату-тарату бөлімі басшысының орынбасары:

Мәселе ақшада ғой. Бізге ақша төленуі керек. Бүгінгі таңда 74 млн-ақ төленді. Біз газды алдын ала сатып аламыз. Алдын ала сатып алғаннан кейін біз өзіміздің айналымдағы қаражатымыз жетпей жатыр.

Осы мәселеге орай шұғыл жиын өткізген қала билігі газды тоқтатпаудың амалын қарастыруда. Қорда небәрі 8 мың тоннадай мазут барын есепке алған шенділер, жедел әрекет жасамаса,  энергоорталық  бір аптаға ғана жылу бере алатынын көлденең тартты. Оның үстіне бұл қымбатқа түседі. Сондықтан ертеңнен бастап тұрғындардың қарызын жинауға өздері бас болып кірісуге шешім қабылдады. Бұл үшін қалада жылжымалы кассалар жұмыс істейтін болады. Осылайша жұмысбастылықпен төлем жасай алмай жүрміз деп уәж айтқандардың қарызын жинаттырмақ. Газға жауаптылар екі аптаға жуық уақыт мұрсат беріп отыр.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Жүргізілген келіссөздердің арқасында бүгінгі таңдарда біз толығымен өшірілу емес, 35 мың сағатына алып жатқан газдың көлемін 25 мыңға шектеу қою туралы ғана келісімге жеттік. Бір апта екі аптаның ішінде осы белсенді жұмыс атқаруымыздың арқасында, мүмкін, 400 млнд-дай ақшаны жинайтын болсақ тұтынушылардан, онда шектеуді шегеруі мүмкін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ