Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Наурызнама онкүндігінің төртінші күні - «Шаңырақ күні»

15.03.2024ж. 20:00
1208
Наурызнама онкүндігінің төртінші күні - «Шаңырақ күні»

Қазақстандағы Наурызнама онкүндігінің төртінші күні - «Шаңырақ күні». Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айрықша айтпасақ болмас. Наурыз мейрамы 130-дан астам этнос өкілдері үшін де ортақ мереке. Ұлыстың ұлы күнін барлығы өзіндік сән-салтанатымен атап өтеді. Айтпақшы, менің шымкенттік әріптесім өзге ұлт қана емес, бір шаңырақ аясында бірнеше ұлтпен құда болып отырған жанұяда болып қайтты.

Шымкенттік Гүлнұр Ахтамянованың наурызға дайындығы қызу. Таңертеңнен қазанға ет салып қойған. Бүлкілдеп қайнап жатыр. Үйіне ет жақындары жиналмақ бүгін. Наурыз мерекесін өзара атап өтпекші. Айтпақшы, Гүлнұрдың ұлты башқұрт болғанмен, жаны – қазақ. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Бүгінде 4 бала сүйіп отыр. Кезінде әжесі қамыр жаюдан бастап үйреткені, қазақтың салт-дәстүрін бойыма жылдам сіңіруге сеп болды дейді жиырма жылдан бері қазақтың түтінін түтетіп отырған келіншек.

Гүлнұр АХТАМЯНОВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақтың праздниктерінде біз көп внимание наурызға бөлеміз. Өйткені Наурыз қазақтың жаңа жылы дейді ғой. Жаңа жыл болғаннан кейін наурызға біз дастархан жайып үйде, наурыз көжені істеп, бала- шағамызбен отырамыз.

Гүлнұрдың анасы Гүлсім Ахтамянова -татар ұлтының қызы. Қазақстанға келін болып түскеніне қырық жылдан асыпты. Жары Рахымжан Ахтамянов екеуі төрт перзент өсірген. Бір ұлыма орыстан келін алсақ, екі құдамыз - қазақ. Тағы бір қызым ресейде тұрмыста , - дейді бақытты шаңырақ иелері.

Рахымжан АХТАМЯНОВ,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дружная семья дейді ғой орысша айтқанда. Осындай дастарханда мейрам сайын отырамыз. Наурызға тілегіміз жақсы тілек, көпшілікпен бірге бас қосып, әйтеуір сіз біз десіп, аман-есен ойнап күліп өткіземіз енді наурызды. Тілегіміз сол аспанымыз ашық болсын!

Гүлсім АХТАМЯНОВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Интернационал семья деп ойлаймын өзім өзімізді. Тату, Аллаға шүкір. Много национальный семья болғанымызбен де барлық ұлттың өзінің салтыменен тұрмыс етіп жатамыз. Енді көбіне мен өзім қазақтың салтын көбірек тұтам. Соған жақынарықпыз.

Бір шаңырақ аясында көпұлтты отбасылар наурызнаманың онкүндігін барынша сән-салтанатымен атап өтуде.