Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтөбеде әскери бөлімнің экс-қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
18.01.2017ж. 20:00
3228
Ақтөбеде әскери бөлімнің экс-қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты

Ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінің экс-қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Майор шеніндегі қос азамат Қайнарбек Тастамбеков 4 жыл 6 айға, ал Қайырғали Оразжанов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот оларды әскери шендерінен де айыру туралы үкім кесті. Еске салайық, әскерилер өткен жылдың 5-інші маусымында болған қарулы шабуыл кезінде «Әскери жарғы тәртібін» бұзды деп айыпталған еді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Лаңкестер екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасаған күні майор Тастамбеков пен Оразжанов бөлімде кезекшілікте болған. Олар әскери жарғыға сай әрекет ете алмағандары үшін заң алдында жазаға тартылып отыр. Кешегі өткен сот отырыснда  соңғы сөзін айтқан Оразжанов кінәсін мойындады. Ал Тастамбеков өзіне тағылған айыппен мүлде келіспейтінін мәлімдеген. "Басшылар мен күштік құрылымдарды дер кезінде xабардар еттім. Екі оғым қалғанша атысып, қарсылық көрсетіп бақтым" деді.

Қайнарбек Тастамбеков, айыпталушы  /17.01.2017 ж./:

Сот әділетсіз өтіп жатқанын жаңа да айттым. «17 том» деген құпия құжатқа бізді кеше таныстыру болды, мені сол документпен кінәлап отыр, бірақ мені соған жібермеді. Мен қазіргі күнге білмеймін, ол документтің ішінде не барын. Енді құрбандыққа шалып отырғаны рас нәрсе.

Сот үкімі өзгелерге сабақ болу үшін  66\55 әскери бөлімінде айыпталушылардың бұрынғы әріптестерінің алдында оқылды. Мемлекеттік айыптаушы соттан Қайнарбек Тастамбековті үш жылға соттауды, Қайырғали Оразжановты екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Бекболат Тәжімұқан, әскери соттың судьясы:

Тастамбеков Қайнарбек ҚК 447-інші бабы 2-інші бөлімімен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілсін! Оразжанов Қайырғали ҚК 447 бабының 2-інші бөлімімен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы берілсін! Жазаға тарту мерзімі үкім шыққан күннен бастап есептелінеді.

Бас бостандығымен қоса  әскери шендерінен айрылған екеу, осылайша сот залынан қамауға алынды. Олардың қолына кісенді бұрынғы әріптестері салды. Тастамбековтің қорғаушысы сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Станислав Никифиров, Қ.Тастамбековтың қорғаушысы:

Үкім қарама-қайшылықтарға толы. Куәгерлердің жауаптары келтірілді. Сөйте тұра, «жағдайды хабарламады» дейді. Куәгерлердің өздері атысқандарын айтады. Қаруды тапсыру кезінде оқ жетпеген. Сөйте тұра, оларды кінәлі деп тапты. Бізге бұның себебі белгісіз. Сондықтан қайта шағымданамыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Сотталғандар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады. Айта кетелік, Қайнарбек Тастанбековтың екі, Қайырғали Оразжановтың үш баласы бар. Олардың барлығы кәмелет жасына толмаған.

Жақсыбек КЕМАЛ