$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Халқымыздың құндылықтар тізбесін анықтау қажет", – Динара Зәкиева

AstanaTV
15.03.2024ж. 17:53
1066
"Халқымыздың құндылықтар тізбесін анықтау қажет",  – Динара Зәкиева

Халқымыздың белгілі бір құндылықтар тізбесін анықтау қажет. Бұл туралы Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, - деп жазды inform.kz.

«Заманауи әлем таңқаларлық және алуан түрлі. Сонымен қатар бүгінгі әлем балалардың дүниетанымын қалыптастыруда белгілі бір қауіп-қатерлерге ие. Қазіргі таңда заңдылық пен тәртіп, еңбексүйгіштік пен бірлік қағидаттарын нығайту қажеттілігі көп айтылады. Расымен де құндылықтарды дәріптеу, әсіресе өскелең ұрпақ үшін өте маңызды әрі пайдалы. Бұл тұрғыда әріптестерімізбен шетелдік тәжірибені де зерттеп көрдік. Талдау барысында ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың негізгі қағидаты – іргелі құндылықтарды ұлттық деңгейде бекіту екенін байқадық. Осылайша, біраз елде нақты белгіленген құндылықтар тізімі бекітілген», - деді уәкіл.

Оның атап өтуінше, мәселен, британ халқының 5 құндылығы бар. Ол – заң үстемдігі, демократия, жеке бас бостандығы, өзара құрмет, төзімділік. Бұл құндылықтар мектеп бағдарламасына енгізілген және балалар кітаптарында бейнеленген. Сондай-ақ Сингапурда 5 ортақ құндылық, БАӘ-де адамгершілік тәрбиесінің 4 тірегі бекітілген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз де түрлі мінберлерде құндылықтар мен олардың маңызы жөнінде ұдайы айтып келесіз. Қоғам мұны жақсы қабылдайды. Соған негіздей отырып, халқымыздың белгілі бір құндылықтар тізбесін анықтау қажет деп санаймыз және бұл құндылықтарды балалардың бойына мектеп кезінен бастап сіңіру ұсынылады. Әрине, бұл бағытта тиісті ақпараттық жұмыс жүргізу қажет деп санаймыз. Әлбетте, тізім құндылықтардың бәрін қамти алмайды. Алайда, ол бала өмірінің айнымас темірқазығы, тура жолдан таймауға бағдар болатын шамшырағы бола алады. «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң», деп хәкім Абай айтқандай, ұрпақ тәрбиесі - ел болашағы», - деді Динара Зәкиева.