Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өткен мерекелік шараға қатысып, Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Наурыз мейрамы биыл елімізде ерекше аталып өтілуде. Наурызнамаға сәйкес, бүгін «Ынтымақ» күні. Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі,-деді Президент . Бірлік бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді
Мемлекет басшысы егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады. Бұдан бөлек, Президент биыл елімізде 4 ауқымды жоба қолға алынатынын жеткізді. Атап айтқанда, көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады, 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды және ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Ал жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады. Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Шара әрмен қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахналық қойылымдар мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Думанды жиында Димаш Құдайберген де ән шырқады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Абай» алаңындағы халықаралық «Наурыз Фест» фестиваліне де барды. Шығармашылық алаңда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрі бір шаңырақ астында біріктірілген. Шетелдік қонақтар өздерінің декоративті-қолданбалы өнер туындыларын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырып, халық әндерін шырқады.