$541.82 €627.1 ₽6.78
×

Мұғалімдердің сабақ өтуге уақыты аз...

AstanaTV
21.01.2017ж. 20:00
Мұғалімдердің сабақ өтуге уақыты аз...

Алматылық Салтанат Тәжиева Facebook әлеуметтік желісінде Білім және ғылым министрлігіне бейнеүндеу жариялады. Бірінші сыныпта оқитын балалары бар ата-аналардың атынан. Негізінен екі мәселені қозғайды – бірінші: оқу бағдарламасы тым күрделі дейді, екінші: мұғалімдердің қағаз толтырудан қолы тимейді. Біз Салтанатты таптық. Интервью беруге келісті. Бірақ... Бірақ кейін шұғыл түрде бір жерге кетіп қалды. Осы мәселелерді «айта алады-ау» деп сөзге тартқан мұғалімдер, ата-аналардың да аяқ астынан «қолы тимеді». Мысалы мен ойлаймын, мұғалімнің деңгейін файлдарға қаттап салынған қағаздармен емес, оқушысының білім деңгейімен, көзінде ұшқын бар ма, қызығушылық бар ма, сондай «сәулелермен» өлшеуге болмай ма? Айгүл Ермахан жалғастырады.

«Қызыл кітаптың» не екенін оқушылардың көбі биология пәнін оқи бастаған тұста ұғады. Ал, 21-ғасырдың балалары мектеп табалдырығын аттаған сәтте білуге міндетті. Бірінші сыныпқа арналған жаңа бағдарлама бүкіл бала бейнелеп айтқанда, «оқып туған» сияқты жазылған. Баланың жас ерекшелігі, бейімі мен талантына қарай оқыту деген түсінік мүлдем жоққа шығарылғандай. Қазір білім саласындағы жүйесіз жаңашылдықтарға ызасы келген ата - аналар қатары артпаса кемитін емес. Алматылық Салтанат Тәжиева шыдамай, Блім министрлігіне бейнеүндеу жолдады. Ол бірінші сынып ата-аналары атынан балалардың оқулығына қатысты ескертулерін жіпке тізді.

Салтанат Тәжиева, ана: 

"Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері" оқулығында бұл жерде қойылатын сұрақ "Қызыл кітапқа" енетін Қазақстандағы құстарды белгілеңдер. Ал енді нөлінші сыныпқа әлі жасы алтыға толмаған бес жастағы балалар барып жатыр, бес жастағы бала "Қызыл кітаптың" не екенін қайдан біледі? Сұрақ: егер үлкен жүк машинасымен жеңіл машинаны  бір мезетте жоғарыдан төменге қарай жіберсе, екеуінің қайсысы ұзақ жүреді. Ол физикалық заңдылық. Бұған бала қалай жауап беруі керек. Қозғалыс траектория дегеніміз не?

Салтанатпен жеке тілдескіміз келді. Бастапқыда сұхбатқа келісті. Кейін райынан қайтып, бұның себебін оңаша бір жүздескенде түсіндіретінін айтты. Ананың сауалына Білім және ғылым министрлігі де жауап бергендей болды. Бірақ реформа жасағанды жаны сүйетіндер өздері тұщымды сөз айтудың орнына сол баяғыдай, мұғалімді сөйлетті. Бастауыш мұғалімінің айтуынша, қазір балаларды тек оқытып, жаздырып қоймай, оны көңіліне тоқытуға басымдық берілген көрінеді.

Қаламқас Бәйтенова, бастауыш сынып мұғалімі, оқу бағдарламаларын әзірлеуші: 

1-ші сыныпқа келген оқушыны тек қана сауатын ашып, оқытуды, жазуды үйретумен ғана шектелмей, оның осы бойындағы қасиеттерді, қызығушылығын арттыруымыз, оны ары қарата дамытуымыз керек.

Ал, «траектория» ұғымының мағынасын кішкентай балаларға түсіндірудің түк те қиындығы жоқ екен.

Қаламқас Бәйтенова, бастауыш сынып мұғалімі, оқу бағдарламаларын әзірлеуші:  Көлікті жіберу арқылы байқап қарасаңыз траекториясы ізі қалатын мінекей әрқайсысының ізі болғанын тәжірибе есебінде бақылайды, қорытынды шығарады.

Осылайша, бастауыш сыныптың балалары оқуды күрделіден бастап, жоғары сыныптарға үлкен дайындықпен жетеді-мыс. Салтанаттың басындағы жағдай барлық ата-анада бар.  Баласымен қосылып тапсырманың шешімін таба алмай жүргендер жетіп артылады. Шымкенттік  Құндызай Нұржанованың ұлы 6 жарым жасынан барған, бірінші сыныпқа. Сабақтың тым күрделілігінен шаршаған олардың да айтары бар.

Құндызай  Нұржанова, ана:

1 минутта 30-40 сөз оқуы керек. Менің балам мысалы, бір минутта 10 сөз оқыды. Сен сондайдан бір минутта 3-рет оқуың керек деймін де. Оған шаршап кетеді. Өзіміздің де басымыз ауырып кетеді, сабағын дайындар кезде.

Ал, бірінші сыныптағы Асылай күрделі кітаптарды оқып ғана қоймай, ауыр кітаптарды арқалап жүруге мәжбүр. Омыртқасына зақым келетінін айтып шырылдаған ана, «сенбесеңіз көріңіз» деп кітап толы сөмкені таразыға өлшеуге асықты.

Салмағы студенттерге арналған оқулық. Бесеуі қосылғанда салмағын өлшеп көрейікші. Салмағы 4 келі, міне.

Министрліктің атынан сөйлеген мұғалімнің жауабы әрине, түсінікті. Бас мұғалімнің реформасына қалай қарсы шықсын? Біз күнделікті жаңа бағдарламамен сабақ өтіп жүрген ұстазды сөзге тарттық. Қуана - қуана келісті. Тек бір шарты бар екенін жасырмады. -Аты - жөнімді бере көрмеңдер, қалай болғанда да  нан жеп отырмын ғой,- деп күрсінді. Аманатқа қиянат жасамайтынымызды айтып, телефон арқылы жаза қойдық.

Телефон арқылы:  Мысалы, күнде жаңа тақырып өтіледі. Ол тақырыпты пысықтауға арналған сағаттар бөлінбеген. Бұрын біз он көлемді сандармен қосу, азайтумен жұмыс жасайтынбыз. Қазір алғаш күннен он көлемді сандармен қосып, азайтуды 1 аптада, 2 аптада бітіріп тастап, 20 көлемдегі сандарды қосып, азайтумен жұмыс жасап жатырмыз.

Тағы бір деталь -  бағалаудың жаңа түрі енгізілген. Яки оқушының оқу жетістігін  белгілейтін критериалды бағалау. Бұл қадам онсыз да қағаз толтырудан қолы босамайтын мұғалімдердің жұмысын қиындатпаса, жеңілдетіп отырмаған сыңайлы.

Телефон арқылы: Менің Алдымда 38 бала отырса, 38 балаға 38 жұмыс дайындаймын. Мақсатқа жеткенімді анықтау үшін тапсырма беріп, сол балаға кері байланыс жасаймын. Бұл менің алдымда отырған балалардың сол күнгі сабақты түсіну деңгейін анықтап береді. Бір шетінен жақсы, бір шетінен әрине, мен бір пәннен ғана емес әр пәннен беремін, әрқайсысына кері байланыс жасап отыру, ол кішкене уақыт алады.1 тоқсан жұмыс жасадым - сабақтың кезіндегі жұмыстар, сабақтан кейінгі жұмыстар, қалыптастырушы бағдарламаларыма 2-3 жәшік қағаз кетіп қалды.

Жангелді Сүлейманов, адвокат:

Мұғалімдерді қағазбен көмкеріп тастаған. Құжат толтырамыз деп сенделеді де жүреді. Барлық мемлекеттік қызметтегідей бұл жерде де бюрократия шектен шықты. Астанада біреу  есеп беруді ойлап тапты. Бұйрықты шығарады. Сосын ұстаздар қауымына жібереді. Жоғарыдағылар өзінің жұмысын  жеңілдету үшін шығарды. Бірақ мұғалімдер мұны айтуға қорқады. Ол түсінікті жағдай. Не жұмыстан шығарады, не жұмыс істей алмайтындай жағдай туғызады. Мұндай керек емес есептерді мұғалімдерге толтыртпауды құзыретті органдар тарапынан қадағалауды күшейту керек.

Өзі  математикадан жоғары сыныптарға сабақ берген Ерсайын Ерқожа  қазір үйдегі балаларымен екінші сыныптың есебін шығара  алмай дал боламын,- дейді.

Ерсайын Ерқожа, қоғам белсендісі:

 Өтпеген нәрсені әкеліп математикаға қояды. Әліппені Т-дан бастаған. Ол барлық уақытта А-дан  басталатынын жұрттың бәрі біледі. Бірақ оқулық жазған адамның соны білмейтініне мен таңқаламын. Сосын кез-келген әріптен сөз құралады.Сөзден сөйлем құралады. Өтпеген әріптен сөйлем құраңдар деген талай кітаптардан мен жаттығуларды көрдім. Ол баланың миын ашытуымен, шатастырумен айналысу деген сөз.

Телефон арқылы: Топпен жұмыс болсын дейді. Балалар әрекеттесіп, ақылдаса жұмыс жасасын дейді. Ал, енді біздің парталарымыз топтық жұмыс істеуге лайық емес. Дырылдатып қай уақытта қозғалтамыз?..  

Ерсайын Ерқожа, қоғам белсендісі:

 Мұғалім қазір сабағын беріп болды ма, ол енді сабаққа дайындалуы керек. Кешке дейін мектепте ұстаса, түрлі қоғамдық жұмысқа тартса, ата –ананарының үйіне жіберсе, ол үйіне кешке шаршап барады. 12 сағат жұмыс істеп, ондай мұғалімнен қандай сапалы нәтиже күтуге болады. Білімде кеткен кемшілік ешуақытта түзелмейді.

Айгүл Ермахан, Айзада Төребекқызы, «Біздің уақыт».