Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматылық құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген қызметке көшті

AstanaTV
28.03.2024ж. 09:43
78
Алматылық құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген қызметке көшті


Алматыда ауа райының нашарлауына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері мен электр бригадалары күшейтілген режимге ауысты. Ал қаланың төтенше жағдайлар департаменті жоғары дайындық деңгейіне келтірілді.

Алматыда кешке басталған өткінші жаңбырдың арты нөсер жауынға ұласты, бұл наурыз айында орташа айлық норманың 28%-ы (72 мм).

«Судың арықтармен кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету үшін түнгі ауысымға 49 жедел кезекші мобильді бригада шықты. Оның ішінде «Алматы Тазалық» кәсіпорнының 33 бригадасы бар. Кезекші бригадалар су басуға бейім учаскелерге уақытылы шығарылды. Құлаған ағаштар дереу тазаланады. Кезекшілікке барлығы 344 бірлік арнайы техника, 21 мотопомпа және 163 жұмысшы шықты. Қосымша 2 300 қап құм дайындалды», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік сондай-ақ алдағы күндері ауа райының нашарлауына байланысты көлік жүргізушілерге ағаштардың құлау және электр желілерінің үзілу қаупіне байланысты көліктерді жолдардың жиегіне қоймауға кеңес берді. Су тасқынын болдырмау үшін тұрғындарды арық пен каналды қоқысқа толтырмауға шақырды.

Егер қандай да бір аумақты су басса, жедел ден қою шараларын қабылдау үшін аудан әкімдіктеріне хабарласуға болады. Сондай-ақ әкімдікте ауа райының нашарлауына байланысты қалада электр қуаты, оның ішінде сыртқы жарықтандыру желілерінде апаттық ажыратулар болуы мүмкін екенін ескертті. «Алматы Қала Жарық» және «Алатау Жарық Компаниясының» апатты бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кезекші бригадалар барлық өтінішке жедел ден қояды және ақауларды тез арада жою үшін жұмыс істейді. Барлық ажырату туралы ақпаратты «АЖК» АҚ-ның www.azhk.kz ресми сайтында Алматы қаласының электр энергиясын ажыратудың интерактивті картасы бөлімінен алуға болады.

Электрмен жабдықтаудың үзілу себептеріне қатысты ақпаратты жедел ұсыну мақсатында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның байланыс орталығы: 356-99-99 телефон нөміріне, сыртқы жарықтандыру желілерінде ажыратулар болған жағдайда «Алматы Қала Жарық»-тың 8771-718-24-39, 8771-718-24-56, 390-20-40, 390-20-60 нөмірлеріне хабарласуға болады. Диспетчерлік пункттер тәулік бойы жұмыс істейді.

Алматыда сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері, мердігерлік ұйымдар дайындыққа келтірілді. Қалалық ТЖД-ның күштері мен құралдары қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауысып, жоғары дайындық деңгейіне келтіріліп, жедел топ жұмысы құрылды.

Алматыда ауа райының қолайсыздығын байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды.