Астанада
"Қазақстан 2050" Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының
отырысы өтті. Оның жұмысына "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші
орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық етті. Басқосу Елбасының мемлекеттік
билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша жасаған үндеуіне
арналды. Жиналғандар, бұл үндеу - саяси жүйені жаңғыртудың бірден бір кепілі, десті.
Президент
тарқатып айтқан өзгерістер мемлекеттік басқарудың түрлі салаларында жұмысты
мейлінше үйлестіруге мүмкіндік береді. Осылай деген "Нұр Отан"
партиясы төрағасының бірінші орынбасары ел экономикасын инновациялық тұрғыдан
дамытуда да үндеудің маңызы орасан деді.
Мұхтар
Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы
ұсынған жаңа бағыт мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға, және биліктің барлық
тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге арналған. Күшті президенттік билікті
сақтай отырып, жүргізілетін мұндай реформалар еліміздегі саяси тұрақтылық пен
одан әрі өсіп-өркендеуге берік кепіл боларына нық сенемін.
Жиында еліміздегі жетекші партиялар мен қоғамдық бірлестік басшылары сөз алып,
Елбасы ұсынған мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жоспары жайлы ойымен
бөлісті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан күллі әлемге танымал елге айналды. Ендігі міндет - даму қарқынын
әрі қарай табанды түрде жалғастыру. Ол үшін мемлекеттік басқару жүйесіне
осындай бір тың реформалардың қажеттігі сөзсіз, - дейді саяси ұйым жетекшілері.
Азат
Перуашев, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы:
Елбасымыздың
халыққа деген сенімі және саяси қалауы деп айтуға болады, біздің партия үлкен
үмітпен осы өзгерістерге қарап отыр, қуанып қабылдап отырмыз және қолдаймыз.
Кәсіпкерлерді жинап, нақты ұсыныстарымызды жұмыс тобына табыс етеміз.
Әли
Бектаев, "Ауыл" партиясының төрағасы:
Жеңімпаз
партиялардың қатысуымен үкіметтің құрылымы құрылады, парламент үкімет есебін
тыңдай отырып, болашақта әлеуметтік экономикалық өзгерістерге атсалысады,
бағдарламалардың орындалуына бақылау жасайды, бұның барлығы халқымыздың
тұрмыс-тіршілігіне қатысты, бізге осындай қадамдар керек.
Үкіметтің
қызметіне байланысты Парламенттің бақылау міндетін күшейту жұмысты сапалы әрі
мүлде жаңа деңгейде жүргізуді талап етеді. Осы ретте жиын қатысушылары
өзгерістер тек билік өкілдеріне ғана қатысты болады деген түсінік тумауы
қажеттігін айтады.
Нұрлан
Ерімбетов, "Қазақстанның азаматтық альянсы" ЗТБ президенті:
Мәселе қоғамның жауапкершілігін күшейтуде.
Барлық үкіметтік органдардың жанында қоғамдық кеңестер құрылуда. Көп
жағдайларда кадр мәселесі болсын, өзгесі болсын, бұған қоғам да қатысатын
болады, қоғамның жауапкершілігі болады, осыны барлығы түсініп отыр қазір.
"Қазақстан
2050" Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы 5 саяси партия мен 17
ірі қоғамдық бірлестіктен құралған. Сондай-ақ оған 500-ден астам үкіметтік ұйым
да енеді. Коалиция мүшелері барша қазақстандықтарды Елбасы бастамасын
талқылауға шақырды. Ал, бүгінгі басқосу соңында Президент ұсынған мемлекеттік
басқару жүйесін жаңғырту жоспарына қолдау білдірген Демократиялық күштер
коалициясының қорытынды үндеуі қабылданды.