$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясының кадрлық резерві жасақталды

AstanaTV
23.01.2017ж. 20:00
3863
«Нұр Отан» партиясының кадрлық резерві жасақталды

«Нұр Отан» партиясының кадрлық резервіне еліміз бойынша 3052 үміткер бекітілді. Қатаң іріктеуден өткен үміткерлердің арасында педагогтар, инженер, дәрігер, заңгер, журналист, ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласының қызметкерлері бар. Бұл туралы партия хатшысы Қаныбек Жұмашев мәлімдеді. Кадрлық резервке тұрғысы келіп құжат тапсырған алты жарым мыңнан астам адамның 60 пайызға жуығы конституция, партия жарғысы, сайлауалды бағдарлама, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тестілеуден өткен. Олардың 27 пайызы - партия аппараты мен филиалдарының қызметкерлері. Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, аймақтық партия кадрлық резерві жасақталған. Олардың жарты жылдық қорытындысы бойынша жеті сатыдан тұратын жоспарға сай әрекеттері бағаланбақ. Сол арқылы жақын арадағы немесе орта мерзімдегі резервке алу туралы шешім қабылданады.

Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Әр ауданда 12 адамнан, қалаларда 15, облыс орталықтарында 25 адамнан үміткерлер жасақталды. Біздің резервистердің ішіндегі өздерін мықты көрсетіп, жеті пункттен тұратын біздің жоспарымызды орындауда жақсы белсенділік танытқандары жақын арадағы резервке ілініп, алдағы уақытта қайта сайлау немесе босаған орындарға ілігуі мүмкін.

Ал аудандық резервке үміткерлерге кем дегенде бір жыл партия мүшесі, жұмыс өтілі екі жылдан кем емес, жоғары білімді және партия саласында тәжірибесінің болуы сияқты талаптар қойылды. Айта кетейік, 2016 жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айы аралығында резерв қалыптастыру бойынша бірнеше кезеңнен тұратын жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, халыққа кең ауқымда түсіндіру, азаматтардан құжат жинау, тест сынағынан өткізу, әңгімелесу жұмыстары ашық жағдайда ұйымдастырылған.