Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ойыл ауданында екі ауыл судың астында қалды

03.04.2024ж. 20:00
396
Ойыл ауданында екі ауыл судың астында қалды

Ақтөбе облысында топан су екі ауылды жермен жексен етті. Ойыл ауданының Қаратал, Екпетал елдімекендерін түгел су басты. Ауыл тұрғындары қара бастарын аман алып шыққан. Қазір мыңнан астам адам эвакуациялық бекетті паналап отыр. Өңірдегі ахуал жайлы тілшіміз Бақыт Қазанғапқызы баяндайды.

Ойылдың Қаратал және Екпетал ауылын түгел су басқан. 318 баспана судың астында қалды. Мыңнан астам адам көшірілді. Үш мың қой, 600-700-дей ірі қара қырылған.

Жанагүл АЙЖАРЫҚОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміз іске аспай қалды. Жарамсыз. Бәріміздің үйімізде жарамсыз. Ертең біз қайда барамыз. Қайда тұрамыз?

Сайлау СҰЛТАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Берсиевтің бәрі кетті. Үй құлап жатыр. Су бір күнде алды. Мектеп барлығы құлайны деп тұр. Бәрін алып кетті.

Тәттігүл ӘБИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен мынадай суды көрмеппін. 1.30 су кірді. Сирена болды. Барлығымыз мектепке тығылдық. Қорқып жылап жүрміз барлымызда паника. Мектепке қондық. Мектептің подвалы суға толды. Жарлары жарылды. Әйтеуір таңертең МЧС келіп құтқарды.

Ойыл халқын эвакуациялаудың өзі бір бөлек әңгіме. Ауылдарды түгел су басқаннан тікұшақтан басқа көлік жете алмады. Тікұшақтың өзіне қонатын жер болмаған. Ұшқыштар бастарын қатерге тігіп, мыңнан астам адамды эвакуациялады. Арасында төрт күн бойы нәр тартпай, трактордың үстінде, жиналған шөптің үстінде отырған жеті адам болды.

Рустем ЖАЙЛЫБАЕВ, АҒА ҰШҚЫШ-ИНСТРУКТОР:

Ойыл ауданында шаруа қожалықта адамдарды құтқару туралы тапсырма келді. Ауданға бардақ. Электр проводтар бар жерде болды. Сол үшін вертолет қона алмады. Біз ауада тұрып сол жеті адамды алып шықтық. Ойылға эвакуацияладықү 4 күн тамақсыз, сусыз салқында отырған.

Бұл тұрғындар аудан орталығына жеткізіліп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген. Жалпы тікұшақтың көмегімен қатынас жоқ аудан ауылдарға 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Саян СҮЛЕЙМЕНОВ, ОЙЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шығын көлемі анықталғаннан кейін жобалық сметалық құжаттама дайындайтын мекемемен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Солар жобалық сметалық құжаттама дайындағаннан кейін үй салу жұмыстарына кірісетін боламыз.

Бүгін түнде Сазды және Жіңішке өзені арнасынан тасып, жағасындағы тұрғын үйлер тағы суға кетті. Ол жердегі тұрғындар мектептерге эвакуацияланды.

Марат КАБУЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кешеден бері қайтып келіп жатыр. Үйдің бәрі суда тұр. Су кеткен жоқ. 2017 жылы бір кеттік суға, мынау екінші рет.

Жалпы облыс бойынша 762 үйді су басты. Тоғыз үй қирап қалды. 8749 адам қауіпсіз жерге көшірілді.