$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қадір түнінде қандай амалдар жасау керек?

AstanaTV
03.04.2024ж. 23:43
920
Қадір түнінде қандай амалдар жасау керек?

Қадір түнінің мән-маңызы

Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Осыған байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

"Қадір" – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, артық-кемі жоқ деген мағыналарға келеді. Ал шариғи терминдік мағынасына "бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні" деп анықтама берілген.

Айша анамыздан жеткен хадисте: "Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдеp", – делінген.

2024 жылы қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр.

Қадір түні не істеу керек?

Алтыншы сәуірге қараған түні күн батқан уақытта қасиетті Қадір түні кіреді. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.

Тағы бір хадисте: "Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сене отырып, сауабын үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі", – делінген. Сол себепті Қадір түнінде жиі-жиі дұға жасауымыз керек.

Бұл түнді Алланың разылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, көбірек Құран Кәрім оқып, уағыз тыңдап, барынша құлшылықпен өткізген абзал.

Қадір түнінің ғибадаттарын мұсылмандар мешітте де, өз үйінде де атқара алады. Үйде діни кітап оқып, діни фильмдер көру де ғибадат болып саналады.

Қадір түні не істеуге болмайды?

Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.

Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың да қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік.

Қадір түні оқылатын дұға

Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : "Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын" деп сұрағанда, Алла елшісі: " Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр", - деп дұға етуге кеңес берген.