Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот процесі жалғасып жатыр

04.04.2024ж. 20:00
246
Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот процесі жалғасып жатыр

Әйелін азаптап өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев түрмеде өзіне-өзі қол салғысы келген. Бұл туралы күдікті кезекті сот процесінде айтты. Күні кеше экс-министр Салтанатты өлімше етіп сабағанын мойындамай, бәріне оның өзін кінәлаған. Ал бүгін жәбірленуші тараптың адвокаттары сараптама нәтижесін ала келіпті. Онда Нүкенованың денесіндегі жарақаттар құлағаннан болмағаны жазылған. Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Кезекті сот отыры. Бишімбаев пен екінші күдікті Байжанов бүгін де бірге отыр. Негізі кешегі процесте Бақытжан Байжанов ағасының «ананы айт, мынаны айт» деп қысым көрсететінін айтып, бөлек-бөлек орынға отырғызуды өтініп сұраған. Алайда арасы араз ағалы-інілінің дегені әзірге орындалмады.

Сот отырысы бастала сала Прокурор Салтанаттың телефоны мөрленген конвертті ашты. Марқұм Бишімбаевты «менің махаббатым» деп сақтап қойыпты. Айыптаушы жұбайлар арасындағы хабарламаларды оқып, Салтанаттың ішкі жай-күйін суреттейтін жеке жазбаларды көрсетті. Солардың бірінде Нүкенованың экс-министрге ренжіп, ешқандай сезімнің жоқ екені айтылған. Марқұм әбден шаршадым деп, босатуын жалынып сұраған.

Айжан АЙМАҒАНОВА, ПРОКУРОР:

Қуандық, мен Павлодарға кетіп барам. Енді келмеймін. Бұл күндері мен арамызда еш сезім жоқтығына көзім жетті. Ештеңені сақтап қалғым келмейді. Сен тіпті көзіме шөп салғаның үшін тіпті кешірім сұраған да жоқсың. Ол әрекетің үшін ештеңе істегің де келмеді. Бәріне мені кінәлап, психотерапевтке бар деп қоймадың. Оны көтере алар емеспін. Кешір мені, ұмыт, босат.

Ал, 20 сәуірде Салтанат күйеуін қалай қатты жақсы көретінін жазыпты. Жұбайының сезімін бағалайтынын айтып, ара-қатынасты жақсартуға барынша тырысып жүргенін түртіп өткен. Бірақ бітпейтін ұрыс пен сенімсіздік қажытты деп, құрметсіздікке лайық емес екенін айтқан. Марқұм махаббатпен бастаған жазбасын «мен саған ойыншық емеспін» деп аяқтапты.

Айжан АЙМАҒАНОВА, ПРОКУРОР:

Мен қарым-қатынасты талқылаудан, өзімнің махаббатымды дәлелдеуден, ақталудан шаршадым. Бұл өмір емес. Мен сенің ойыншығың, балаң емеспін, бір нәрсені қайталаудың қажеті жоқ. 24/7 нені қалай істеуім керек екенін естігім келмейді.

Кешегі сот процесінде Бишімбаев әйелін тек 3-4 рет ұрғанын айтқан еді. Тіпті «маңызды органдарынан емес, қауіпсіз жерден тептім ғой» деп былқ етпеді. Бірақ бүгін адвокат Жанна Оразбақова оқыған сараптама –мүлде басқаша. Онда Салтанаттың денесіндегі ауыр жарақат құлағаннан болмағаны анық жазылған.

Жанна ОРАЗБАҚОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:

Барлық дене жарақаты қатты заттың әсерінен пайда болған.

Ал Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тануды сұрады. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Соттағы қызық мұнымен бітпеді. Бишімбаев түрмеде өз-өзіне қол салмақ болғанын айтты. Бірақ Прокурор оның сөзіне сенбеді.

Асхат НҰРБЕКОВ, ПРОКУРОР:

Бишімбаев ұсталған сәттен бастап бес ай бойы мен процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторында Бишімбаевтың камерасында орнатылған бейнебақылау камерасын бақылап отырдым. Маған сенсеңіз, бес айдың ішінде сіз ешқашан өз-өзіңізге дене жарақатын салуға тырыспадыңыз.

Бишімбаевтың өзіне-өзі қол жұмсау ниеті бұған дейін де болған. БАУ мейрамханасының бармені Ерденов Салтанат қайтыс болған күні ол пышақты алып, әжетханаға қарай жүгірді деген еді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі ашық өтуде. Күн ұзаққа созылатын әр отырысты жұрт қалт жібермей отыр. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирді бір мезетте 100 мыңнан аса адам көрді. Бишімбаев ісіне қатысты сот процесі енді 8 сәуірде жалғасады.