Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтауда Құлсарыдан көшірілген тұрғындарды қоныстандыруға 500 орындық жатақхана дайындалды

AstanaTV
06.04.2024ж. 18:52
226
Ақтауда Құлсарыдан көшірілген тұрғындарды қоныстандыруға 500 орындық жатақхана дайындалды

Атырауда су тасқынынан Маңғыстау облысына эвакуацияланған жандарға Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі 500 орынды жатақхана дайындады. 

Маңғыстаулықтар Құлсары қаласында болған табиғи апатқа байланысты эвакуацияланған азаматтарға арнайы көмек көрсетіп, жатақханамен қамтамасыз етіп жатыр.

Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Ақтаудағы колледж жатақанасы 500 орынға арналған, әр бөлмеде 2-3 адамға төсек орын жабдықталған. Бүгін түске дейін мұнда 15-ке жуық отбасы орналыстырылды.

«Еліміздің өңірлеріндегі су тасқынына байланысты 500 орынға арналған жатақана толықтай дайын. Әр бөлмеде жуынатын бөлме, жатын орын түгелдей бар. Бүгін таңнан бері адамдар келіп жатыр. Сонымен қоса, 5 балалы 1 жанұя тіркелді. Барша мұқтаж жандарға есігіміз ашық. Көшірілген халық адам санына байланысты арнайы түскі және кешкі аспен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ апаттық жағдайдан эвакуацияланған жандардың көбісі ағайын-туыстарының көмегіне жүгінуде. Бірақ оған қарамастан көмекке мұқтаж жандарға есігіміз әрдайым ашық», - деді Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің басшысы Абдуллаев Кадырбек.

Бүгін жатақханаға орналасқан Құлсары қаласының тұрғыны Женсекбаева Гүлжан су тасқынына қатысты жағдай туралы айтты.

«5 сәуірде болған жағдайға байланысты су тасқынан эвакуацияланғандардың бірімін. Мүлдем күтпеген жағдай болды. Үйден тек балаларымды алып шықтым. Көлікке жолдасым екеуіміз 5 баламен отырдық. Бар ойымыз Ақтау қаласына аман-есен жету болды. Жолда Маңғыстау өңірінің азаматтары барынша көмек көрсетті. Баршаларыңызға алғысым шексіз», - деді Гүлжан Женсекбаева.

Сондай-ақ Ақтаудағы Yessenov университетінің студенттік жатақханасына 130 адамды орналастыруға лайықталып отыр.

Қазір аталған жатақханада 30 студент тұрады. Сондықтан жүзге жуық адамды қабылдауға дайын екені мәлім болды.

«Төрт қабатты жатақхана ғимаратында бос орындар бар. Әр бөлмеде қажетті жабдықтар қолжетімді, таза төсек-орын дайындалды, жуынатын бөлмелер, ал бірінші қабатта үлкен ас үй бар», - деді Yessenov университетінің атқарушы вице-президенті Ермек Нұрмағамбет.

Студенттер қатарындағы еріктілер заттарды тасымалдауға, эвакуацияланғандарды орналастыруға көмектеседі.

«Көмекке белсенді жастар атсалысып жатыр. Ерікті жастар көмекке дайын екенін жеткізіп, ынталарын білдіруде. Осыған байланысты, арнайы штаб құрылып, 120- ға жуық белсенді азаматтар қазіргі таңда еріктілер қатарында көмек көрсетуде», - деп атап өтті облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.