Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Атырау әкімі бөгетті нығайтуға көмектескен 92 жастағы әжеге Президенттің алғысын жеткізді

AstanaTV
07.04.2024ж. 23:00
324
Атырау әкімі бөгетті нығайтуға көмектескен 92 жастағы әжеге Президенттің алғысын жеткізді

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бөгетті нығайтуға көмектескен 92 жастағы әжемен кездесті. Оған Президенттің алғысын жеткізді.

Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында тұратын Орынша Қожиеваның жасы – 92-де. Ол 10 баласынан 16 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр. «Первомайский» ЖШС-да, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін мектепте жұмыс істеген.

Ал кейінгі күндері ауылдастарына Жайық өзенінің жағалауын нығайту үшін қапқа топырақ толтыруға көмектескен. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео тараған.

«Бейбарыс ауылындағы мектеп ұжымына жағалауды нығайту жұмысына үлес қостыңыз. Президент қоңырау шалып, жанқиярлық еңбегіңіз үшін алғыс айтуды тапсырды. Сіз су тасқынына дайындық жұмысына үлесіңізді қосып, жастарға үлгі болып отырсыз», - деді Серік Шәпкенов.

Орынша Қожиеваның айтуынша, елді мекенді тасқын судан қорғау – баршаның парызы. Сол себептен үйінде отыра алмаған.

«Қазір біраз жасқа келіп қалдым. Сондықтан менің қолымнан құм толтырылатын қапты жедел дайындап отыру ғана келеді. Табиғаттың тосын мінезін болжау мүмкін емес. Осы жасыма дейін мұндайдың талайын көрдік. Сондықтан су тасқынына алдын ала дайындалу керек», - дейді Орынша Қожиева.

Облыс әкімі бүгін Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялаудың мақсатына тоқталды.

«Бұл – жергілікті атқарушы органдар мен тиісті қызметтердің алдағы су тасқынына қарсы дайындығын күшейту мақсатында жасалған қадам. Дүрбелеңге салынуға, үрейленуге еш себеп жоқ», - деді Серік Шәпкенов.