«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев төтенше жағдай жарияланған Атырау өңіріне барып, облыс орталығын су тасқынынан қорғау жұмысына атсалысып жатыр.
Бүгінде Атырау қаласын апаттан аман алып қалу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Өкінішке қарай Жайық өзенінің осал тұсы өте көп. Су тасқыны қалаға жайылып кету қаупі бар. Партия Хатшысының айтуынша, қазір қала аумағында 103 учаскеде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «АMANAT» партиясы соның 7 учаскесін өз жауапкершілігіне алып отыр.
«7 учаскенің жалпы ұзындығы 21,2 шақырымды құрайды. Біздің басты мақсатымыз – аталған учаскеде сапалы дамба тұрғызу. Осы 21,2 шақырым аумаққа 120 техника, 1100 адам жұмылдырылды. Біз оларды жанар-жағармаймен, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бұған қоса, су тасқынының алдын алуға қажет заттар да жеткізілуде. Мәселен, қазір құм толтырылатын қап, пленка, қолғап, күрек сынды заттардың тапшылығы сезілуде. Партиялықтар 50 000 қап ұсынып, өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етуде», – деді Эльдар Жұмағазиев.