Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Универсиада алауы Алматыға жеткізілді

AstanaTV
26.01.2017ж. 20:00
2541
Универсиада алауы Алматыға жеткізілді

Алматылықтар 28-ші Қысқы Универсиада алауын қарсы алды. Шаһарға спорттық ойындардың алауын шаңғы жарысы бойынша ұлттық құраманың капитаны Дәулет Рахымбаев алып келді.

Арнайы жабық құтыға орналастырылған алауды ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері әуежайда күтіп алды. Ол спортшылар қоныстанған атлетикалық ауылға жеткізіліп, сол жерде 29 қаңтарға дейін сақталатын болады. Жексенбі күні Алматыда алау эстафетасы ресми түрде басталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен алып шығатын алау төрт сағат ішінде 100 танымал тұлғаның қолынан өтіп, Республика сарайына жеткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір мезетте еліміздің 6 қаласында осындай шара өтеді. Қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты 29 қаңтарда сағат 19-00-де «Алматы Арена» спорт кешенінде басталады. Оған президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланған.

Нұржан Қойшыбайұлы, 28-ші Қысқы Универсиада алауын қарсы алу тобының үйлестірушісі:

Универисада алауы еліміздің астанасынан әкелінді. Біз оны Атлетикалық қалашыққа арнайы күзетпен жеткіздік. Дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Ал жарыс қатысушыларының көбі келіп үлгерді. Универсиада алауы тұтанды - бұл біздің ел үшін жоғары мәртебе.