Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қарағандылық орманшылар ағаштарға жасанды құс ұяларын ілуде

18.04.2024ж. 20:00
93
Қарағандылық орманшылар ағаштарға жасанды құс ұяларын ілуде

Қарағандылық орманшылар ағаштарға жасанды құс ұяларын ілуде. Мамандар осылайша тоқылдақ, шымшық, торғай секілді орман санитарларының мекендеуіне мүмкіндік береді. Құстар ағаштарды жыл сайын зақымдайтын сан түрлі зиянкестерден қорғайды. Жасыл желектерді сақтауға көмектеседі. 

Қанат әр көктемде ағаш кесіп, құстарға үйшік істейді. Мақсаты зиянкес құрттарды құртатын орман санитарларын мекендету. Бұрынғы математика пәнінің мұғалімі, соңғы 24 жыл бойы осылай орманды қорғап жүр. 250 гектар жерге жауапты. Инспектордың айтуынша, ұяшықтар 5 жыл қызмет етеді, оларды бояуға болмайды.

Қанат ШӨМЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

«Ұяны жасап қана қоймаймыз, ол ағаштарды отырғызған кезде арасына жеміс ағаштарын қоса отырғызамыз. Өйткені ол жерде құстар пайда болу керек. Жабайы алма ағаштарын, қарақат, итмұрын, малина ағаштарын отырғызамыз. Ол табиғатта құстардың жейтін тамағы».

Орманның сиқыры Қанаттың жұбайы Раушанды да баурап алған. Ол орман шетінде ешкі ұстап, шаруасын дөңгелетіп отыр.

 Раушан ШӨМЕНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Мамыр айында алма ағашы гүлдейді, иісі керемет тәп- тәтті. Құстар сайрайды. Бұлбұл бар, көкек, жапалақ бар бізде».

Қарағанды облысында 27 мың гектар жер орман шаруашылығының иелігінде. Оның 11 гектары орман- тоғай. Ағаштардың жауы құрттар ғана емес, адам қолымен жасалатын өрттер.

Темірлан ЕЛУБАЕВ,  ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Қазір демалыс күндері орманды қорғау шараларын күшейтіп жатырмыз. Өрт қаупі бар, тұрмыстық қалдықтар тастайды. Орманда дайын тағаммен ғана демалуға рұқсат, мангал құрып, от жағуға болмайды.

Айта кетейік былтыр қала маңындағы ормандарда 11 рет өрт шығып, салдарынан 12 гектар жерге зақым келген. Мамандар бұл аумақтардағы ағаштарды кесіп жыл сайын 300 гектардай жас шыбық отырғызады. Олар- үйеңкі, қарағаш және қарағайлар.