Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Биші әжелер Баку қаласында өткен би фестивалінде гран-при жеңіп алды

18.04.2024ж. 20:00
102
Биші әжелер Баку қаласында өткен  би фестивалінде гран-при жеңіп алды

Астаналық кейуаналар Баку қаласында өткен халықаралық би фестивалінде гран-при жеңіп алды. 12 мемлекет қатысқан бұл сайыста әжелерден құралған "Қамажай" би ансамблі қазақтың ұлттық биін билеп, көрермендерді таңқалдырды. 

Ансамбльдің 8 мүшесі бар. Олар - 67 пен 75 жас аралығындағы зейнеткерлер. Әр жарысқа олар үлкен жауапкершілікпен қарайды, тіпті көйлектердің үлгісін өздері ойластырып тігеді. Қазақтың ұлттық билерін жас ұрпаққа өнеге қылып қалдыру басты мақсатымыз дейді.

Сыргакуль ДУТБАЕВА, АНСАМБЛЬ МҮШЕСІ:

Біздің мақсатымыз осы халықтың бидің, әр-түрлі қимыл қозғалыстарын келесі ұрпақтарға жалғастыру, үйрету. Соларды қазір жинақтап соны қазір өзіміздің биге қосып жатырмыз

Мадина Ахметова 40 жыл хореограф болған. Зейнетке шыққаннан соң да өмірлік ісімен айналысып келеді. Қашанда тың әрі ерекше қимыл-қозғалыстар ойлап табуға тырысады.

Мадина АХМЕТОВА, ХОРЕОГРАФ:

Зейнетке шыққаныма 12 жыл болды. Бір жыл бұрын «Әжелер ансамблін» құрдым. Зейнеттегі әжелерді көргенде міндетті түрде оларға бимен айналысуға кеңес беремін. Себебі би бұл біздің жасымыздағылар үшін тамаша спорт. Медитация жасау арқылы жаңа би шығаруға деген шабытым ашылады.

Әжелер арнайы орталықта ерікті қызметін атқарып жүріп танысқан. Сол сәттен бері бірге. Олар 4 мәрте халықаралық би жарысына қатысып, жеңімпаз атанған.

Сәуле АКАШЕВА, АНСАМБЛЬ МҮШЕСІ:

Мен жасөспірім шағымда кәсіби бимен айналыстым. Тұрмыс құрғаннан соң бимен айналыса алмадым. Билеу арманым болатын. Мадина ханымды кездестірген соң ойланбастан ансамбльге мүше болдым. Қазір жасым 67 – де арманымды жүзеге асырдым.

Бүгінде әжелердің әлеуметтік желіде біраз жанкүйерлері бар. Қазір олар Астанада өтетін халықаралық сайысқа қызу дайындалып жатыр.