$441.8 €480.02 ₽4.88
×

Саха Республикасының Мемлекеттік опера және балет театры әртістері Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті

AstanaTV
20.04.2024ж. 19:38
391
Саха Республикасының Мемлекеттік опера және балет театры әртістері Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті

Саха Республикасырың (Якутия) мәдени күндері аясында алғаш рет «Ньургун Боотур» операсының көрсетілімі қазақстандық көрерменге жол тартты. Театр әртістері үшін бұл айтулы оқиға, өйткені бұрын спектакль елден тыс жерде көрсетілмеген. 

«Ньургун Боотур» – көптеген хор және балет сахналары бар көлемді ұлттық якут жобасы. Спектакль якут эпосына негізделген және басты кейіпкердің, батыр Ньургун Боотурдың тылсым әлем күштерімен күресі туралы баяндайды. 

Режиссер Андрей Борисовтың қойылымына 200-ге жуық оркестр, опера, балет, хор және драма әртістері қатысты. Реквизиттердің, костюмдер мен аяқ киімдердің жалпы салмағы 3,5 тоннаға дейін барады. Ал театрдың симфониялық оркестр құрамы белгілі шығармашылық ұжым «Якутия виртуоздары» скрипкашылар ансамблінің қатысуымен әрлене түсті.

Д.К. Сивцев-Суорун Омоллоон атындағы Саха Республикасының Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Владислав Левочкиннің айтуынша, көрермен якут ұлттық эпосының қойылымын тамашалады.

«Біздің театр Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті және біз Якутияның кәсіби өнерінің басты жетістігі атанған «Ньургун Боотур» операсын көрерменге ұсынғанымызға қуаныштымыз. Менің ойымша, әрбір көрермен біздің арамызда ортақ дүние көп екенін, Қазақстан мен Якутияның мәдени тамыры тереңде екенін байқайды», - деді ол. 

«Ньургун Боотур» спектаклі 22 сәуірде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қойылады.